Өскемендегі жерүсті өткелінде «Рахмет дәрігерлерге!» фотокөрмесі ашылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемендегі жерүсті өткелінде «Рахмет дәрігерлерге!» фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұзақ уақыт бойы бүкіл әлемде пандемия жалғасуда. Осы кезеңде медицина қызметкерлері үлкен ерлік көрсетуде. Инфекциямен күрестің алғы шебінде жүрген олар құрмет пен алғысқа лайық. Енді әрқайсысымыз өз батырларымызбен таныса алатын боламыз. Қазақстан волонтерлер лигасының өскемендік филиалының және Жастар ресурстық орталығының күшімен Назарбаев даңғылындағы жерүсті өткелінде «Рахмет дәрігерлерге!» фотокөрмесі ашылды» - деп хабарлады қала әкімі Жақсылық Омар Instagram -да.

Оның айтуынша, біздер үшін өз өмірін қатерге тігіп жүрген облыс орталығындағы медициналық мекемелердің өкілдері осы фотокөрме кейіпкерлеріне айналды.

Сондай-ақ әкім кезекті рет медиктерге шын жүректен алғыс білдіре отырып, оларға осы қиындыққа толы жұмыста қажыр-қайрат, таусылмас жігер тіледі.