Өскемендік еріктілер Абай облысына 5 көлікке тиелген гуманитарлық көмек жөнелтті
Өскеменде «Бірге жақсылық жасаймыз» еріктілер қозғалысының мүшелері Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге арнап гуманитарлық көмек жөнелтуде. 11 маусымда гуманитарлық жүк тиелген алғашқы бес көлік қаладан Бородулиха ауданына кеткен.
Қазіргі уақытта гуманитарлық көмек жинау жалғасуда. Еріктілер қозғалысының үйлестірушісі Татьяна Беркманның айтуынша, халық бір рет қолданылатын ыдыс-аяқ, азық-түлік пен киім-кешек әкелуде.
«Өрттен зардап шеккендерге көмектескісі келетін жандар болса Карбышева көшесі, 54 немесе Нұрмағамбетов көшесі, 52 мекенжайларында орналасқан қабылдау пунктіне келе алады. Қандай да бір сұрақтарыңыз болса 8(705)185-54-65 телефон нөміріне қоңырау шалыңыздар», - дейді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларына университеттен 10 грант бөлінетіндігін хабарлаған едік.