Белсенді жастардан құралған «Нұрлы жүректер» қайырымдылық қоры осыдан бір жыл бұрын жұмысын бастаған. Ұйымның бір жасын өңірдегі барлық ЖОО өкілдері мен мүмкіндігі шектеулі балалар бірлесіп тойлады. Мерекелік шарада ерікті жастар мүмкіндігі шектеулі балалармен жұптасып өнер көрсетті.
«Біз бір жыл бойы ешқандай демеушінің көмегінсіз, өзіміз ұйымдастырған жәрмеңкелер мен концерттерден түскен қаржыға қайырымдылық жасап келеміз. Бізді осындай іске жігерлендіріп, басымызды біріктірген, ізгілікке шабыттандырған тағдыры ерекше балаларға алғыс айтқымыз келді» - дейді ұйымның жетекшісі Нұргүл Базылқызы.
Шара барысында арбаға таңылған Ролан Сымбатовтың Қытайда емделуіне қаржы жиналу керек болатын. «Қазцинк» ЖШС Роланның емделуін толықтай өз бақылауына алды. Ерікті жастар жыл бойы өздерімен қоян-қолтық байланыста болып, бірге жұмыс істеген мүмкіндігі шектеулі балаларға қала жастарының атынан алғыс жариялап, бағалы сыйлықтар табыстады.