Ярославтың мамандығы - тіс дәрігері. Стоматологиялық бизнеспен табысты айналысып жүргеніне он жылдан асқан. Қазақ тілін оқыту орталығын ашу идеясы кездейсоқ жағдай емес. Бизнесменнің айтуынша, бұның орынды себебі болған.
«Таяуда қазақ тілін меңгергім келді, бірақ тиімді курстар таба алмадым. Сосын, өзім ашуды шештім. Оның алдында әлеуметтік желілерде сұрау жүргіздім. Ниет білдіргендер көп болды. Бәрін ойластырып, шешім қабылдадым. Жоба құрып, оқытушыны таптым, онымен бірге оқыту бағдарламасын дайындадық, жалға бөлме алып, оған жиһаз, кеңсе заттарын, оқулықтар сатып алдым. Жұмыс басталып кетті. Айта кетейін, біздің оқытушымыз - еңбек өтілі үлкен педагог, университетте қызмет еткен, облыс орталығының ірі кәсіпорындары үшін оқыту бағдарламасын әзірлеген», - дейді «Қазақ Зерде» ЖШС-нің негізін құраушы Ярослав Кушнарев.
«48 cағатта базалық қазақ тілі» курстары үш ай бұрын басталған. Әзірге оған 15 адам барып жүр. Әр топтың 4-5 тыңдарманы бар. Қазақ тілін меңгеруге ниет білдіргендердің көбі - орыс ұлтының өкілдері. Олардың жасы - 27-40 аралығында.
Бизнесменнің айтуынша, бұл негізінен, өзі сияқты кәсіпкерлер. Топтарды құрмақ бұрын, Ярослав оқытылушының қазақ тілін білу деңгейін, оған тілді меңгеру не үшін қажет екенін және курстарға қай уақытта қатысу ыңғайлы екенін анықтайды.
Курстарға қатысушылардың көбі бастапқы деңгейде, яғни, ең бірінші сөйлеу тілін меңгергісі келетіндер бар, дейді Ярослав. Мұндағы сабақтар аптасына екі-үш рет екі академиялық сағаттан өткізілетіні жоспарланған.
Автор: Людмила Малько