Өскемендік келіншек жалдап тұрған баспанасындағы бүкіл техниканы сатып жіберген

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде полицейлер өзі жалға алып отырған пәтерді тонап кеткен әйелді анықтап, ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қалалық полицияға Щербаков көшесіндегі жеке тұрғын үйдің 65 жастағы иесі хабарласып, жалға берген баспанасынан бүкіл тұрмыстық техника жоғалғанын айтқан. Пәтерді жалдап тұрған келіншекке телефон соғып, хабарласа алмаған.

Оның сөзіне қарағанда, жоғалған заттардың жалпы құны 370 000 теңгеден асып жығылады. Құқық қорғау органдары ұрлықты сол үйді бұрын жалдап тұрған облыс орталығының 37 жастағы тұрғыны жасағанын анықтады. Ол полиция алдында өз қылмысын мойындап, ұрланған заттың бір бөлігін сатып, ақшасын жаратып жібергенін айтты.

Айта кетейік, өзі де сол көшенің бойында тұратын  тұрғын үй иесі екі ай бойы техникалардың шығарылып жатқанын аңғармаған. Баспананы жалға алған келіншекке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.