Өскемендік полицей ауласын су басқан әжейді арқалап алып шықты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменнің іргесіндегі Прапорщиково ауылының учаскелік полиция қызметкері ауласына су жайылған әжейді қауіпсіз жерге арқалап алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күнделікті әдет бойынша таң ата ауылды аралап жүргенмін. Аязды күндері уақытпен санаспауға тура келеді. Оқыс жағдайға ұшырағандар болуы мүмкін. Сөйтіп жүріп, көктемде ғана арнасынан шығатын арықтардың жайылып кеткенін байқадым. Сол кезде есіме шеткі көшелер түсті, - дейді Руслан Оразаметов.

Осы оймен ол Ертістің арнасына жақын жатқан Киров көшесінде әжесі тұратын Айжан Ануарбековаға хабарласады. Айжан әжесіне қоңырау шалып, аулаға су жайыла бастағанын біледі.

Екеуміз көлікке отыра салып әжемнің үйіне келдік. Ауладан кіру мүмкін емес екен. Қызыл су 30 сантиметрдей көтеріліпті. Көрші үйдің ауласы арқылы ішке кірдік. Руслан аға әжемді арқалады, мен үшінші сыныпта оқитын сіңлімді көтеріп алдым. Тоғызыншы сыныпта оқитын сіңлім аяғына дорба киіп, біздің ізімізбен шықты, - дейді Айжан.

Айжанның айтуынша 80 жастағы әжесі үйін тастап шыққысы келмеген. Су табалдырықпен теңескенін көргеннен кейін ғана полицейдің сөзіне көніпті.

Қазір қызыл су арнасына түсіпті. Әжей мен немерелері өз үйлеріне оралды.

«Біздің учаскелік полиция өте қырағы. Ауылда болып жатқан оқиғаның барлығына құлақ түріп, назар салып жүреді. Әжемді үйден алып шыққанда құжаттармен қоса балалардың оқу құралдарын да ала шықты. Бағымызға орай су үйге кірмепті. Тек ескі алдын мұз алып қалған», - дейді А.Ануарбекова.

 

Еске сала кетейік, ШҚО-дағы ауылға қызыл су жайылғандығы туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.