Жарысқа ақпарат саласына қатысы бар мекемелерден құралған 6 команда қатысты. «Шығыс ақпарат» ЖШС, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, «ALTAI» арнасы, «Қазцинк жаршысы» газетінің ұжымдары мен баспасөз хатшылардан құралған командалар пейнтбол алаңында қарсыластарын жеребе арқылы анықтаса, қалған кезеңдерде жекелей қол жеткізген нәтижелерін ортақ ұпайға салды. Тартысқа толы турнирде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ құрамасы топ жарды. Баспасөз хатшылар екінші орын иеленсе, «Қазцинк жаршысы» газеті үшінші орыннан көрінді.
«Арнамыздың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында бірнеше шара жоспарланған. Бүгінгі турнир соның бір парасы ғана. Сайысқа 50-ден астам үміткер қатысты. Мерейтой қарсаңында ардагерлерімізді ардақтап қана қоймай, жастарға да тартымды шара ұйымдастыруды көздедік. Турнир әріптестеріміздің көңілінен шыққан сияқты. Ең бастысы, өзара байланысымыз нығая түседі деген ойдамын. 16 мамырда әскери жаттығу алаңында журналистердің тікелей қатысуымен әскери-патриоттық шара өтеді. Ал 18 мамырға 500 адамды қамтитын іс-шаралар кешені жоспарланған. Соның аясында Нұртілеу Иманғали, Кеңес Әденов сияқты телевищия саласының сайыпқырандарын шақырып, болашақ журналистерге дәріс оқытамыз» - дейді «ALTAI» телеарнасы директорының орынбасары Айдос Жұқанұлы.