Өскемендіктер көбіне қандай сырқаттарға шалдығатыны анықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жүргізген талдаулар соңғы 4 жылда тұрғындар арасында аурушаңдықтың артқанын анықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құзырлы орган облыс орталығындағы 11 медициналық мекеменің деректеріне сүйене отырып, аурушаңдықтың себеп-салдарына талдау жасаған. Талдау нәтижесінде 2013-2017 жылдар аралығында халықтың арушаңдығы 4,5 пайызға өскені белгілі болды. 2013 жылы 100 мың адамның 814-і науқасқа шалдықса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 852 адамға жеткен.

Жалпы, аурушаңдық келесі сырқат түрлері бойынша: ас қорыту органдарының аурулары 43,7 пайызға, зәр шығару органдарының аурулары 29,4 пайызға, тері және терасты аурулары 24 пайызға, эндрокриндік жүйе аурулары 18,9 пайызға, қан және қан түзу органдарының аурулары 14,5 пайызға, қанайналым органдарының аурулары 12,5 пайызға,  тыныс алу органдарының ауруы 7,7 пайызға өскені байқалған.

«Онкологиялық аурулар елеусіз мөлшерде азайған. Бірақ экологияның ластануы мен аурушаңдықтың өсуі арасындағы байланысты анықтайтын ұтымды методика жоқ. 14 жылдан бері КСРО кезінен қалған тәсіл бойынша талдау жасап келеміз. Жағдай анық көрінуі үшін ауруға шалдыққан адамдарды жасы мен жынысына, ауру байқалған мезгілге және басқа да көптеген факторларға жіктеп талдау қажет. Өскемен қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы осындай әдіснама бекіту қажеттігі туралы Денсаулық сақтау министрлігіне хат дайындап жатыр» - дейді облыстық Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков.