Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары өңірде көктемнің жай шығуына байланысты кенелердің белсенділігін де шегергенін айтып отыр.
«Көп жылғы мониторингтерге сүйене отырып, кенелердің шабуылы сәуірдің екінші онкүндігінде жанданатынын болжауға болады. Ал мамыр айының басында олардың саны да артып, нағыз белсенді әрекетке көшеді. Онымен күресудің ең тиімді жолы кене таралатын аумақтарға дәрі себу. Бұл мақсатқа биыл 13,018 млн теңге бөлінген» - дейді департамент басшысының орынбасары Гүләйім Тағаева.
Бұл қаржыға департамент мамандары көктем және күз мезгілдерінде кене таралатын аумақтарға дәрі себетін болады. Қар еріп бітісімен көктемгі жұмыстар жүргізілуі тиіс. Маман кене шаққан жағдайда өздігінен әрекет етпей, 3 күннің ішінде дәрігерге қаралу керектігін ескертеді. Кене энцефалитіне қарсы екпе улы жәндіктің «шабуылына» ұшыраған адамдарға тегін жасалады.
Өскеменде емдік сарысудың көмегімен кене шабуылынан сақтандыру шаралары ересектер үшін №1 қалалық ауруханада, балалар үшін Ана мен бала орталығында жүргізіледі. Аталмыш ауруханалардың травматология бекеттері тәулік бойы, әрі мереке күндері де істейді. Ал қадалған кенені алғаннан кейін, энцефалитке тексерілу үшін Ұлттық сараптама орталығының зертханасына жүгіну қажет.
Фото: www.vkocke.sk