- Сурет өнеріне қызығушылығыңыз қалай басталды?
- Шынымды айтсам, бала кезімде сурет салуға ерекше қызығушылығым болмаған. Бірақ мектепке жаңадан келген сурет пәнінің мұғалімі бойымдағы қабілетті байқап, маған сенім артты. Сол кісінің қолдауы мен бағыт-бағдары менің өнерге деген көзқарасымды өзгертіп, бүгінгі таңда шығармашылық жолды таңдауыма себеп болды.
- Ал ойыншық жасау идеясы қалай туды?
- Менің ойымша, ойыншық жасау идеясының түп-тамыры бала кезімде қаланған. Апам мектепте мұғалім болып, балалардың қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі заттарды өз қолымен жасап жүретін. Сол еңбекті көріп өсу менің шығармашылыққа деген көзқарасымды қалыптастырып, қазіргі ісіме негіз болды.
- Ең бірінші жасаған логикалық ойыншығыңыз қандай болды?
- Алғашқы логикалық ойыншығымды интернеттен тапқан шаблон негізінде жасап көрдім. Ресейлік сайттардан түрлі көрнекіліктерді жиі зерттейтінмін. Бір күні тегін шаблонды жүктеп алып, соны өзімше жүзеге асырдым. Дизайнға бейімділігім болғандықтан, оны қазақы стильде жасауды жөн көрдім. Сол тәжірибе менің осы бағыттағы жұмысыма үлкен серпін берді.
- Қазір ойыншықтардың қандай түрлерін жасайсыз?
- Түрлі форматтағы ойыншықтарды дайындаймын. Олардың қатарында қағаз негізінде ламинатталған, липучкамен және қысқыштар арқылы ойналатын ойыншықтар, фетрден тігілген бұйымдар, ірі көлемдегі ағаштан жасалған көрнекіліктер бар. Бұл өнімдердің барлығы балалардың ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.
- Өнімдеріңізді қалай сатасыз?
- Негізінен әлеуметтік желілер арқылы саудалаймын. Instagram парақшамда жұмыстарымды таныстырып, сол жерде тапсырыстар қабылдаймын. Клиенттердің сұранысына сай жеке тапсырыстар әзірлеумен қатар, дайын өнімдерді де ұсынамын. Бұл тәсіл маған аудиториямен тікелей байланыс орнатып, олардың қажеттілігін нақты түсінуге мүмкіндік береді. «Сарафан радиосы» әдісі де әлі бар. Риза болған клиенттер бір-бірінен естіп келеді.
- Нарықты қалай зерттейсіз? Қазір ата-аналар көбіне қандай ойыншықтарды іздейді?
- Нарықты әлеуметтік желілер мен клиенттермен тікелей байланыс арқылы зерттеймін. Instagram парақшамдағы сұраныстарды, пікірлерді, қандай өнімдерге қызығушылық көп екенін үнемі талдап отырамын. Сонымен қатар басқа шеберлердің жұмыстарын да қарап, трендтерді бақылауға тырысамын. Қазіргі кезде ата-аналар баланың дамуына әсер ететін, моторикасын, логикасын жетілдіретін, қауіпсіз әрі сапалы ойыншықтарды көбірек іздейді.
- Сіздің өнімдеріңізді өзгелерден ерекшелейтін басты айырмашылық қандай?
- Менің өнімдерімді өзгелерден ерекшелейтін басты айырмашылық – олардың барлығының қолмен жасалуы және ұлттық стиль элементтерінің қолданылуы. Әрбір ойыншық тек әдемі ғана емес, баланың ойлау қабілетін, моторикасын дамытуға бағытталады. Сонымен қатар әр тапсырысқа жеке көзқараспен қарап, сапаға ерекше мән беремін.
- Қазақы нақышқа басымдық береді екенсіз. Сол жайлы айта кетсеңіз.
- Қазақы нақыш – менің жұмыстарымның маңызды бөлігі. Әр өнімде ұлттық ою-өрнектерді, түстерді қолдану арқылы балаларға өз мәдениетімізді танытуды мақсат етемін. Бұл тек ойыншық емес, тәрбиелік мәні бар құрал деп есептеймін.
- Балалар ойыншығы арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіру қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
- Бұл өте маңызды. Өйткені бала ойын арқылы үйренеді, дүниені таниды. Егер ойыншықтарда ұлттық элементтер болса, бала оны байқамай-ақ қабылдап, өз мәдениетіне жақын болып өседі. Бұл тәрбиенің ең нәзік әрі тиімді тәсілдерінің бірі.
- Қазіргі балалар шетелдік контентке тәуелді деген пікір бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?
- Шынымен де, қазіргі балалар шетелдік контентті көп тұтынады. Бұл ақпараттың қолжетімділігіне байланысты қалыпты жағдай. Біз өзіміздің ұлттық мазмұнын көбейтіп, балаларға қызықты әрі сапалы өнім ұсынуымыз керек деп ойлаймын. Сонда ғана баланс сақталады.
- Қазақ ертегілерін ойын форматында ұсыну идеясы жайлы айта кетсеңіз?
- Қазақ ертегілерін дәріптейтін ойындар жасау – балаларға ұлттық дүниені қызықты жеткізудің бір жолы. Қазіргі балаларға жай тыңдағаннан гөрі, қолмен ұстап, ойнап үйрену жақынырақ. Сондықтан ертегіні ойынмен байланыстыру арқылы олардың қызығушылығын арттыруға болады.
- Сіздің ойыңызша, ұлттық брендке айналатын ойыншық қандай болуы керек?
- Ұлттық брендке айналатын ойыншық ең алдымен сапалы, қауіпсіз әрі баланың дамуына пайдалы болуы керек. Сонымен бірге оның мазмұнында қазақы нақыш, ұлттық құндылықтар көрініс табуы қажет. Ең бастысы, ол заманауи, балаларға қызықты, тартымды форматта ұсынылуы тиіс.
- IT мен жасанды интеллектіні ойыншық өндірісіне қалай енгізуге болады деп ойлайсыз?
- Бұл үлкен мүмкіндік. Мысалы, интерактивті ойыншықтар, дыбыспен немесе қосымша арқылы жұмыс істейтін өнімдер жасауға болады. Бұл балалардың қызығушылығын арттырып, білім алу процесін жеңілдетеді.
- Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз. Балаларыңыз сіздің жасаған ойыншықтармен ойнай ма?
- Отбасым – менің ең үлкен қолдаушыларым әрі шабытымның көзі. Жолдасым және балаларым бар. Балапандарым менің жасаған ойыншықтарыммен ойнап, олардың алғашқы бағалаушыларына айналады. Сол арқылы мен олардың қызығушылығын байқап, өнімдерімді жетілдіріп отырамын. Бұл мен үшін тек жұмыс емес, отбасыммен байланыстыратын ерекше шығармашылық процесс.
- Кәсіп бастаймын деп жүрген қыз-келіншектерге не айтар едіңіз?
- Ең алдымен өзіңізге сеніңіз. Бастапқыда қиындықтар болуы мүмкін, бірақ бұл қалыпты жағдай. Ең бастысы, әрекет ету, үйрену және тоқтамау. Кішкентай қадамдардың өзі үлкен нәтижеге алып келеді.
Еске салсақ, осыған дейін цифрлық технологиялар дәуірінде балалардың кітапқа қызығушығын қалай оятуға болатындығы туралы жазғанбыз.