Өскемендік Елена Хардина қазақтың тазысын әлемге танытып жүр

Фото: Елена Хардинаның жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында тұратын Елена Хардина 16 жылдан бері қазақтың құмай тазысын өсіріп келеді. Тек өсіріп қана қоймай, тұқымын қайта жаңартуды өзінің өмірлік миссиясы санайды. Ол Қазақстан кинологтар одағының тазы тұқымы бойынша ұлттық клубының президенті. Ал оның иттері әлемді бағындырған чемпиондар. Kazinform тілшісі Елена Хардинамен жолығып қайтты.

«Бір көргеннен ғашық болдым»

Елена Хардина — белгілі кинолог және қазақтың құмай тазысының қамқоршысы. 1990 жылдан бері жеті қазынаның бірі саналатын үй жануарын өсіріп келеді. Оның алдында доберман, ағылшындық дог және немістің боксеры сынды ит тұқымдарын ұстаған. Ал 18 жыл бұрын Елена «Беловодье Гелон» атты ит өсірушілер клубының жетекшісі ретінде көрме ұйымдастырып, сонда тазыны алғаш рет көреді.

Фото: Нелли Нигматуллина/ Kazinform

— Тазыға бір көргеннен ғашық болдым. Сондай әдемі, құдды бір ертегіден келгендей. Бұрын иттің осы тұқымы жайлы естігенмін, бірақ көрген емеспін. Маған тазының сыпайылығы, ақылдылығы мен парасаттылығы қатты ұнады, — деп еске алды кинолог.

Екі жылдан кейін Елена Хардина тұңғыш рет тазы асырап, атын Алтын Мирас деп қойды. Одан асыл тұқымды иттердің ондаған ұрпағы тарады. Қазір кинолог сегіз тазы мен сегіз күшігін ұстап отыр. Олардың көбісі Қазақстан, Азия, тіпті әлем чемпионы атанған. Халықаралық аренаға шыққан сайын қазақтың құмай тазылары көрерменнің жүрегін жаулап, әділ-қазылардың жоғары бағаларын алып жатыр.

— Бұл көрмелер — жай ғана байқау емес. Иттерді дайындау, виза алу, ол жаққа ұшақпен жету — күрделі әрі шығыны мол процесс. Бірақ мен үшін қазақтың құмай тазысын, сол арқылы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды көрсету өте маңызды. Иттерім әлем чемпионаттарында бақ сынағанда әр елдегі адамдар олармен суретке түсу үшін ұзын-сонар кезекке тұратын. Қай елде болмасын халқымыз ауызбіршілігімен, қонақжайлығымен ерекшеленеді. Еуропада тұратын қазақтар бізді отбасы мүшесіндей қарсы алды. Қай жерде өнер көрсетсек те «біз қазақпыз, күшіміз дәстүр мен бірлікте» деп мақтанышпен айтамын, — дейді Елена Хардина.

Фото: Нелли Нигматуллина/ Kazinform

Өз сөзінде ол иттерінің жетістіктері, соның ішінде 2016 жылы Мәскеуде өткен әлем чемпионатындағы және 2023 жылы Швейцариядағы Дүниежүзілік иттер көрмесіндегі жеңістері туралы тебіреніспен еске алды. Былтырғы байқауда қазақтың тазы иттері Еуропада алғаш рет өнер көрсеткен. Сонда Тұмар мен Вангелия атты екі иті бірінші орынды жеңіп алды. Вангелия ол кезде тоғыз жаста еді. Иттер Женевадағы қазылар алқасын баурап алған.

Қазақтың ұлттық қазынасы

Қазақтың құмай тазысы — Қазақстанның ұлттық қазынасы. Олар мыңдаған жыл бойы көшпелілерге серік болып, оларды аштықтан құтқарып, жабайы аң-құстан қорғады. Халық оларды тіпті ит демей, тазы деп атап кеткен. Тазы деген сөз таза дегеннен шыққан. Сондықтан да бұл ержүрек төрт аяқтыларға киіз үйде тұруға рұқсат етілген. Тазылар аштықта асыраушы, қатерде қорғаушы болған. Әлі күнге дейін тазыны қазақ халқы жоғары бағалап, қастерлейді. Бірақ әлем бойынша бұл иттің тұқымы белгісіз болып келді.

Фото Елена Хардинаның жеке мұрағатынан

Ал 2023 жыл қазақтың тазысы үшін тарихи жыл болды. 22 тамызда ұзақ жыл бойы жұмсалған күш-жігердің арқасында бұл тұқымды Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) ресми түрде мойындап, Қазақстан тұқым иесі мәртебесін алды. Бұл тұқымның стандартына, оның дамуы мен әлемдік аренада сақталуына біздің ел жауапты деген сөз.

— Бірақ бұл алғашқы қадам ғана. FCI Қазақстанға соңғы тұқым стандарттарын әзірлеуге және бекітуге 10 жыл уақыт берді. Бұл уақыт ішінде белсенді жұмыс істеуіміз керек. Енді біз тұқымы расталған кем дегенде мың иттің популяциясын қалыптастыруымыз қажет. Бұл бір көрінгендей жеңіл шаруа емес. Талай ит жеке қолда. Олардың иелері итті тіркеудің маңыздылығы туралы ойланбайды да. Сондықтан халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, иттерге арналған арнайы орындар салып, көрмелер мен жарыстарды жиі ұйымдастырып отыру керек, — дейді кинолог.

Фото: Нелли Нигматуллина/ Kazinform

Тазы — тарихымыздың бір бөлшегі

Тағы бір міндет — генетикалық зерттеулерді жалғастыру. Тұқымның ерекшелігін, оның басқа тазылардан айырмашылығын дәлелдеу қажет. Ол үшін халықаралық сарапшылармен жұмыс істеп, деректер жинап, FCI-ге үнемі есеп беріп отыру керек.

Елена Хардина күн сайын иттерге күтім жасап, таза тұқымдыларды іріктеу үшін Қазақстанның әр аймағына сапарға шығып, халықаралық сарапшылармен келіссөздер жүргізіп жүр. Ұлт мұрасының бір бөлігін сақтап қалу үшін аянбай тер төккен ол басқаларға үлгі.

— Тазы біз үшін жай ит емес. Ол тарихымыз бен жан дүниеміздің бір бөлігі. Егер біз тазыны сақтап қалмасақ тек тұқымды ғана емес, тарихымыздың маңызды бөлшегін жоғалтып аламыз, — дейді Елена Хардина.

Бүгінде Елена Хардина сияқты жандардың арқасында қазақ тазылары Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге танылған тұқым. Бірақ алда әлі атқарылар жұмыс көп. Стандарттарды белгілеп, генетикалық әртүрлілікті сақтап және осы бірегей тұқымның тұрақты болашағын қамтамасыз ету қажет. Еленаның күшіктері қазірдің өзінде әлемге жайылып жатыр. Оның тазылары Қазақстаннан бөлек, Ұлыбританияда, Мажарстанда, Түркияда, Ресейде, тіпті мұхиттың арғы жағындағы Америкада таралып кеткен.

Фото Елена Хардинаның жеке мұрағатынан