Өскемендік кәсіпкерлер ПИК тарапынан қосымша төлемдер мен шектеулерге шағымданды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының кәсіпкерлері пәтер иелері кооперативімен және басқа да басқарушы компаниялармен өзара іс-қимыл барысында туындаған қиындықтар туралы айтып шағымданды. Олардың қатарында инженерлік коммуникацияларға қолжетімділікті шектеу, қосымша төлемдер талап ету және коммерциялық нысандарға көлікпен кіруге кедергі келтіру мәселелері бар.

Фото: Pexels

Бұл туралы ШҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі отырысында талқыланды.

Мәселенің бірі «Аль-Дента» ЖШС-ға қатысты. Клиниканың инженерлік коммуникациялары көршілес көппәтерлі тұрғын үйдің жертөлесі арқылы өтеді. Оларды қосу жобалық құжаттамада қарастырылып, нысанды пайдалануға беру кезінде келісілген. Алайда басқарушы компания желілерге қолжетімділікті шектеген.

Суық сумен жабдықтау тоқтатылғаннан кейін клиника жұмысын және пациенттерді қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болған. Ақауды жою үшін келген «Қазақтелеком» мамандары да жертөлеге кіре алмаған. Соның салдарынан кәсіпорында телефон байланысы мен интернетке, кассалық жабдықтар мен POS-терминалдардың жұмысына қатысты келеңсіздіктер туындаған.

Сонымен қатар кәсіпкер басқарушы компанияға ай сайын 20 мың теңге төлеуді жалғастырған. Отырыста ұсынылған мәліметке сәйкес, шот-фактуралар мен орындалған жұмыстар актілерін беру туралы өтініштер де қанағаттандырылмаған.

Тағы бір кәсіпкер дүкенге кіріп-шығу мәселесін көтерді. Тауар жеткізу үшін жүк көліктері ауланың аумағы арқылы өтуі қажет. Алайда бұл жол шлагбауммен шектелген. Кәсіпкер балама кіреберіс жолмен жүруге келісуге тырысқан, бірақ 2026 жылғы тамызда қалалық ТҮКШ бөлімі жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыру жоспарланып отырғанын айтып, өтініштен бас тартқан. Басқа кіреберіс жол қашан ашылатынына қатысты нақты жауап бермеген. Кәсіпкердің айтуынша, дүкен бір жылға жуық уақыттан бері жұмыс істемейді.

Жиын барысында төлемдердің ашықтығы жайлы да сөз етілді. Кәсіпкерлер тарифтердің қандай негізде белгіленгенін, оны кім бекіткенін және көрсетілген сомаларға қандай қызмет түрлері кіретінін білгісі келіп отыр. Олардың айтуынша, бұл төлемдерді растайтын құжаттарды алу да оңай емес.

Мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты да сұрақ көп. Кәсіпкерлер ТҮКШ бөліміне жүгінгенімен, оларға прокуратураға жүгінуге кеңес берілген. ТҮКШ өкілдері мұны ПИК-тің дербес ұйым екенімен және олардың бөлімге бағынбайтынымен түсіндірген.

Отырысқа қатысушылар ПИК-тің мемлекеттік органдарға тікелей бағынбауы заңда көзделген бақылау тетіктерінің жоқ екенін білдірмейтінін атап өтті. Негіз болған жағдайда ПИК шешімдерінің заңдылығы мен оның қызметі белгіленген тәртіппен тексерілуі мүмкін.

- Мәселе жекелеген даулардың шеңберінен шығып отырғанын көріп отырмыз. ПИК-тің өкілеттігі қай жерде аяқталатынын, мемлекеттік бақылаудың қандай тетіктері жұмыс істейтінін және кәсіпкерлердің құқықтары бұзылған жағдайда оған кім жауап беруі керектігін анықтау қажет, - деді Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Игорь Шацкий.

Жиын қорытындысы бойынша кеңес прокуратурадан ПИК қызметін, олардың өкілеттіктері мен мемлекеттік бақылау тетіктерін талдауды сұрады. Ал ТҮКШ бөліміне кәсіпкерлердің шағымдарын басқа мекемелерге бағыттаумен шектелмей, оларды нақты қарастырып, негіз болған жағдайда тексеріс жүргізу ұсынылды.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда МИБ пен ПИК қарыздары коммуналдық төлем түбіртегінде көрсетілетіндігі хабарланған.