Өскемендік жас суретші шетелдік комикстер мен ойындарға сурет салады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Жас суретші Дария Дидарқызы Өскемендегі № 45 мектепте 8 сыныпта оқиды. Ол қазақтың салт-дәстүрін, отбасылық құндылықтар мен табиғаттың тамаша көріністерін қылқаламы мен қарындашына арқау етеді. Компьютер арқылы digital форматта комикстер мен онлайн ойындарға тапсырыспен сурет салатыны тағы бар. Kazinform тілшісі суретші қызбен сұхбат құрып қайтқан еді.
— Суретшілік қабілетіңіз қалай байқалды?
— Бастауыш сыныпта оқыған кезімде сабақ арасындағы үзілісте қарындашпен түрлі сурет салып отыратынмын. Соны көрген сыныптастарым таңырқап, жоғары бағаларын беріп жатты. Содан соң бірде үйге келгенде интернеттен бейнелеу сабақтарын тауып, сурет салуды үйрене бастадым. Ал 2021 жылы ҚР Суретшілер одағының мүшесі Құдаш Дәулетханұлының «SURET STUDIO» атты сурет мектебіне қабылданып, сол уақыттан бері тәлім алып келемін.
— Суретші ретінде қандай конкурстарға қатысып көрдіңіз?
— Әуелі мектепішілік, содан соң қалалық, облыстық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Есімде ерекше қалғаны — 2023 жылы Астана қаласында 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған байқау. Онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен 3 жарым мыңнан астам суретші өз жұмыстарын ұсынды. Әділ-қазылардың шешімімен суретім үшінші орынға лайық деп танылды.
— Отбасыңызда суретшілер бар ма?
— Жоқ. Біздің үйде де, туған-туысқандарымыздың арасында да ешкім сурет салмайды. Өзім көпбалалы отбасының бесінші перзентімін.
— Көбінесе қай тақырыпта сурет саласыз? Суреттеріңіз қандай рухани құндылықтарды дәріптейді?
— Негізінен қазақтың салт-дәстүрі, отбасылық құндылықтар мен патриоттық, отансүйгіштік тақырыптарда сурет саламын. Содан соң табиғатты, оның ішінде пейзажды, гүлдерді салғанды жақсы көремін. «Бәйшешектер» атты суретіммен көктем келіп, айналаға жан біткенін айшықтайтын бәйшешектің көріктілігін, көркемділігін көрсетуге тырыстым. Ал «Бүркітші қыз» картинасы арқылы халқымыздың құсбегілік өнерін, оған тек ұлдар ғана емес, қыздардың да бейім болғанын паш еткім келді.
Суреттерді көбінесе арнайы студияда отырып саламын. Бірақ кейде пленэрге шығып, саябақта немесе табиғат аясында сурет салатыным да бар.
Осы мамыр айында А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Бәйшешек» атты сурет көрмемнің ашылу салтанаты өтті. Бәрі ойдағыдай болды. Оған қала тұрғындары, ұстаздарым, сыныптастарым, достарым, туыстарым келді. Маған қолдау білдірген оларға, кітапхана ұжымына мың алғыс! Ниет білдірушілер болса көрме әлі жалғасуда. Барып, суреттерімді көріп, өз бағаларыңызды берсеңіздер болады. Көрмеде барлығы 20-ға жуық суретім тұр.
— Өзіңіз қандай суретшілерді үлгі тұтасыз?
— Ұстазым Құдаш Дәулетханұлын үлгі тұтамын. Себебі ол маған көп дүниені үйретті, жол нұсқады. Сол кісіге қарап сурет салуға деген қызығушылығым одан сайын артып, шеберлігім шыңдала түсті. Содан соң әлбетте қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің суреттерін, Гүлнар Бекбердинованың және еліміздің басқа да тұғыры биік суретшілерінің өнерлеріне тамсанып, өзіме үлгі етіп жүремін.
— Ең ұзақ және ең қысқа уақытта салған суреттеріңіз қандай?
— «Асыл әжем» суретін салуға ең көп уақытым кетті. Ол 80×80 форматындағы сурет. Осындай үлкен суретті алғаш рет салғандықтан қиынға соқты. Әйтеуір 1 айда аяқтадым. Ал ең қысқа уақытта салғаным — Әбілхан Қастеевтің портреті. А3 форматындағы суретті қарындашпен 2 сағатта салып шықтым.
— Сурет салудан бөлек қандай хоббилеріңіз бар?
— Шахмат ойнағанды жақсы көремін. Миды қимылдатып, әр жүрісті ой елегінен өткізесің. Келешекте шахмат үйірмесіне де барғым келеді. Одан кейін digital форматында сурет салатыным бар. Ол — компьютерде салынатын сурет. Сол арқылы табыс та тауып жүрмін. Комикстерге, онлайн ойындарға тапсырыс арқылы сурет саламын. Тек еліміздің басқа қалаларынан емес, ТМД елдерінен де әлеуметтік желі арқылы хабарласып, тапсырыс беретіндер жиі кездеседі.
— Өзіңізді болашақта кім ретінде көресіз?
— Келешекте өзімді суретші ретінде ғана елестетемін. Арманым — Қазақстандағы ең танымал суретші болу. Қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін сурет арқылы күллі әлемге насихаттасам деймін.