Өскемендіктер Аяз атаның «туған күнін» атап өтті
Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет Аяз атаның резиденциясы ашылды, деп хабарлайды Kazinform.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін Өскеменде «Аяз атаның туған күні» атты фэнтази-қойылым өтті. Қойылымды халық ертегілерінің кейіпкерлері Ер-Төстік пен Ақшақар жүргізді.
«Аяз ата салтанатты рәсімге өзімен бірге сарайын әртүрлі дұшпандар мен жауыздардан күні-түні қорғайтын қазақ халық ертегілеріндегі батырларды ерте келді. Аяз атаны туған күнімен құттықтауға басқа елдер ертегілерінің кейіпкерлері де келіп жеткен. Мерекеге жиналған балалар Аяз ата мен Ақшақарды, Санта Клаус пен Лапландия эльфтерін қол шапалақтап қарсы алды. Содан кейін Аяз атаның қалалық резиденциясының салтанатты ашылуы өтті», - делінген ақпаратта.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Аяз атаның үйі Катонқарағай ауданындағы Коробиха ауылында орналасқан. Ал Өскемендегі резиденциясы Сол жағалау саябағында ашылды. Резиденцияның ішінде ыстық шай, тәтті-дәмді сататын сауда орындары, пошта, Аяз атаның жұмыс орны және екінші қабатында оның жатын бөлмесі бар.
Аяз ата қонақтармен бірге Республика алаңына да барды. Онда Шығыс Қазақстан облысының бас шыршасын жағу рәсімін өткізіп, балалармен жаңажылдық шыршаны айнала қол ұстасып ән шырқап, би биледі.