***
Өткен сенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астананың Бас жобасы ғылыми-зерттеу жобалау институты» МКК-да болды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Елорда қақпасының кескіндемесі» деген тақырыппен мақала жарияланды. Салтанатты қақпа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясынан туған құнды жоба. Демек, ол қаланың кезекті бір нысандары қатарынан орын алып қана қоймайды, Салтанатты қақпа - 20 жылдық мерзім ішінде беделді әрі тұрақты мемлекет ретінде әлемдік саясат сахнасынан орын алған жас елдің эмблемасына да айналмақ. Осы орайда: «Бұл нысанда ұлттық нақыш үлгілері көрініс тауып, ол жаңа заманауи архитектуралық шешімдермен шебер шендестірілуі тиіс», - деген Мемлекет басшысы.
Өткен аптаның сенбісінде Астанада жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбіреп, әлемнің 48 елінен келген бозбала боксшылар алғашқы жекпе-жектерін бастап та кеткен болатын. Осы байрақты бәсеке жайында жазылған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сейсенбілік санында «Жеңістен кейін жеңіс» деген тақырыппен берілді. «Қазақстан құрамасы алғашқы екі күнде төрт рет жеңіске жетті. Осы күндері алып сарайдың ішінде керілген шаршы алаңға төрт боксшымыз шығып, төртеуі де қарсыластарын тізе бүктірді. Бұл сында бірінші болып 57 келі салмақтағы Ерболат Ермеков қолғап түйістірді. Ол тәжік Шавкат Рахимовты айқын басымдықпен ұтты. Одан кейін келесі күні Ерболаттың жолын әрі қарай Олжас Қалаубек (46 кг.), Аян Қалибеков (60 кг.), Бекжан Кібітқалиев (54 кг.) жалғастырды. Олжас жапон Юкий Накаджимана, Аян беларусь Артем Ляпконы, ал Бекжан сириялық Алшава Абдулвахабды оңай жеңді», - деп жазады басылым.
***
Өндірісті қала - Өскеменнің экологиялық ахуалы мәз емес екені әлімсақтан белігілі. Қоршаған ортада кездесетін зиянды заттардың салдарынан әртүрлі сырқатқа шалдығып, аурухана жағалаған адамдар қатары соңғы бір-екі жылда тіпті көбейіп кетті қалада. Әсіресе бұл жағдай дәрігер мамандардың ана мен бала денсаулығына қатты алаңдаушылығын туғызып отыр. Қарапайым халықтың қабырғасына бататын да - осы проблема. Бұл орайда «Өскеменге «экологиялық апат аймағы» мәртебесін беру керек пе?» деген заңды сауал туындайтындығы рас. Дәл осы сұрақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген мақалаға негіз болып отыр.
Атырау қалалық сотында «елден ерек» бір іс қаралу үстінде. УГ-157/10 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар жекеменшік бір фирманы басқарып отырған бизнесменді сотқа беріп жатыр. Сөйтсе, төсеніш тас дайындайтын фирма бастығы, атағы дардай кәсіпкер жұмысқа түрмедегі жазасын өтеушілерді тартып, ақырында олардың еңбекақыларын беруден басын алып қашыпты. Оқиғаның неден шығып, қалай өрбігінен егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетіндегі «Сотталғандар сотқа беріп жатыр» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде «Ас-суымыздың сапасы төмен. Шетелдік тағамдарда ішек таяқшасы бактериясы бар» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, консервіленген арпа ботқасында қалайы, шай сусында мышьяк, қуырылған шекілдеуікте қорғасын мен кадмий шамадан тыс көп. Ол аз десеңіз, жеп жүрген тағамдардың құрамында ашытқы, зеңді саңырауқұлақтар, патогенді сальмонелла, ішек таяқшасы бактериялары әбден болуы мүмкін. Мұндай деректер кеше Астанада Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болған.
«Жанармай құю бекеттерінің басшылары атқа мінді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл даудың басталуына бензин бағасының күрт көтерілуі себеп болды. Бірер апта бұрын басталған дау басылар емес. Жанармай құю бекеттерінің басшылары «бензин бағасын реттей алмады» деп Үкіметті жазғырса, Үкіметіміз «бензин бағасын заңсыз көтерді» деп жанармай бекеттерінің басшыларын сойып салды. Екі ортада қымбат бензинге күні қараған халық зардап шегуде. Ең қиыны, сол қымбат бензиннің өзіне зар болып қалатын түріміз бар. Кеше Астанадағы ұлттық баспасөз клубында бас қосқан ЖҚБ басшылары осылай дейді», - деп жазады «Айқын» газеті. Мәселенің мән-жайына терең бойлағыңыз келсе, «Жанармай бағасы қашан тұрақталады?» деген мақалаға назар салыңыз.
***
«Бард әндердің бағасын білер қауымның бас қосатын күні таяу. Жылдағы дәстүр бойынша 29 шілде күні елордада «Астана - 2011» халықаралық бард әндерінің фестивалі өз шымылдығын ашпақшы. Шараға Астана қаласының әкімдігі мен «Доминанта» авторлық әндер қоры бастамашы болып отыр», - деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Мақала «Бардтар бас қосады» деген тақырыппен берілген.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловты қабылдады. Министр Президентті Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын істе асыру барысы туралы хабардар етті. «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын талқылау барысында Мемлекет басшысы «Балапан» бағдарламасымен жұмысты күшейту жөнінде, барлық деңгейдегі білім сапасын, соның ішінде орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білім сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойды», - деді журналистерге арналған брифингте Б.Жұмағұлов.