Өскеменнен небәрі 80 шақырым жердегі Жоғары Тайынты ауылының халқы интернетке жарымай отыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Жоғары Тайынты ауылы Өскеменнен небәрі 80 шақырым жерде орналасқан. Алайда ауыл халқы күні бүгінге дейін интернетсіз отыр.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

«Бос уәдеден жалықтық!»

Жоғары Тайынты ауылы тұрғындарының интернетті сарыла күтіп жүргендеріне қаншама жыл болған. Әкімдікке талай-талай өтініш те айтыпты. Былтыр елді мекен іргесіне бағаналар қойылып, мұнара көтерілгенде халық шын қуанған. Алайда интернет қосылмай, сиырқұйымшақтанып кеткенде сол қуаныштары су сепкендей басылды.

- Өзім көпбалалы анамын. Мүмкіндігі шектеулі қызым бар. Оны үйде оқытамыз. ZOOM арқылы өтетін жиналыстарға қатыса алмай қиналамыз. Сол үшін интернет ұстайтын Тарғын ауылына барып сенделуге тура келеді. Қашанғы осылай жүреміз?!, - дейді аты-жөнін атамауды сұраған ауыл тұрғыны.

Интернеттің жоқтығы дәрігерлердің де, әлеуметтік қызметкерлердің де жұмысын қиындатып, жүгін ауырлатып тұр. Біріншілері науқастарды базаға тіркей алмаса, екіншілері есеп-қисаптарын өткізе алмай әуре-сарсаңға түсуге мәжбүр.

- Облыс орталығынан небәрі 80 шақырым жерде интернет жоқ деген ұят қой! Әкімдіктегілердің әне қосамыз, міне қосамыз дегеніне биыл екінші жыл. Уәдеден уәде. Халық та жалықты. Бізге нәтиже керек!, - деп жоғарытайынтылықтар наразылықтарын білдірді.

Әкімдік не дейді?

Осы мәселенің нақты қашан шешілетінін Ұлан ауданы әкімдігінен біліп көрдік.

- Жоғарғы Тайынты ауылының маңындағы антенна-мачталық құрылғының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта «КаР-Тел» ЖШС техникалық талаптарына сәйкес, қажетті құжаттаманы әзірлеу және оларды уәкілетті органдармен келісу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін, нақты айтқанда 2024 жылдың соңына дейін жақын маңдағы елді мекендер Beeline ұялы байланыс желісіне және 4G интернетке қосылады, - деп жауап берді әкімдіктен.

Демек, Жоғары Тайынты ауылы осы айдың соңына дейін интернетке қосылмақ. Бұл жергілікті жұрттың көптен күткен тілегінің орындалуына сәл ғана қалды деген сөз.

Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстан бойынша 155 ауылға интернет тартылмаған. ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметінше, осы жылдың басынан облыс бойынша 29 елді мекенге интернет тартылды. Ал 2027 жылдың соңына дейін барлық ауылды кезең-кезеңімен интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Алтын адам табылған ШҚО ауылында интернет тартылмай келе жатқаны жайлы жазған едік.