Бұл жайында қазіргі қала әкімі Жақсылық Омар өзінің Instagram парақшасында мәлім етті.
«Бүгін кешкісін Өскемен қаласының құрметті азаматы Вера Николаевна Сухорукова мезгілсіз дүниеден өтті. Вера Николаевнаның жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Әкімдікте марқұммен қоштасу және жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылды. Оның жай-жапсарын кейінірек хабарлаймыз» деп жазды Жақсылық Омар.
Вера Сухорукова 1951 жылдың 10 тамызында Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында туған.
1973 жылы Өскемен қаласындағы құрылыс-жол институтын бітіріп, «инженер-экономист» мамандығын алып шыққан.
1973-1996 жылдар аралығында қазіргі Қарағанды облысында аға экономист, нұсқаушы, қалалық комитет басшысы, облыстық атқарушы комитеті төрағасының орынбасары, Жезқазған облысы әкімінің орынбасары секілді бірқатар қызметтерді атқарды.
1996-1999 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық экономика басқармасының бастығы, «АБС-Шығыс» ЖШС жетекшісі болды.
1999-2003 жылдары Өскемен қаласын басқарды.
2003-2004 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.
2007-2014 жылдары - «Ертіс» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
2014 жылдан бері «Азия Авто» АҚ басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарып келді.
Вера Сухорукова 2004-2007 жылдары Мәжіліс депутаты болған.
«Құрмет» орденінің және «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері.