Өскеменнің іргесінен сирек металдың қоры табылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның геологтары Өскеменнің шетіндегі Ахмер ауылының аумағынан литий кенішін тапты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ШҚО өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаментінің басшысы Серік Келеманов айтып берді.

Соңғы үш жылда Шығыстың минералдық-шикізат кешенін дамытуға 5,5 млрд теңге бөлінген екен. Ол қаржыға кеңес заманында толық барланбаған аумақтар: Семей қаласының маңайы, Күршім, Абай, Аягөз аудандары, Тарбағатай тау сілемдері тыңғылықты зерттеліпті. Бұл барлау жұмыстары Шығыста да қойнауы толық зертттелмеген аумақтар көп екенін дәлелдесе керек. Енді сол кеніштердің қорын нақтылап, экономикалық тиімділігіне көз жеткізу үшін кешенді зерттеулер жүргізілуі тиіс. Әсіресе Өскеменнің іргесіндегі Ахмер кенішіне геологтар үлкен үміт артып отыр. Литий аса сирек кездесетін, қолдану ауқымы стратегиялық маңызға ие металл болғандықтан, геологтар оның болжамды қорын айтудан да бас тартып отыр.

«Әдетте литий мен қалайы бір-біріне ілесіп жүреді. Мұнда да солай боп тұр. Біздің міндет кенішті анықтау. Оның экономикалық тиімділігін өзге мамандар зерттеуі тиіс. Облыс бойынша қалайы мен литидің кеніші Асубұлақ кеніштер тобының кейбір бөліктерінде ғана кездеседі. Сондықтан Ахмер учаскесін игеруге ниетті инвесторлар табылады деп ойлаймыз» - дейді Серік Келеманов.

Департамент өкілі Полина Скребцованың айтуынша, литий металы жылу үнемдегіш шынылардың құрамында 31 пайызға дейін, электромобиль батареяларының құрамында 23 пайызға дейін кездеседі. Оған кейбір ғалымдар «болашақтың мұнайы» деген баға да беріп үлгеріпті. Құны ураннан арзан болғандықтан, ядролық реакцияларға отын ретінде пайдалану жолдары зерттеліп жатса керек. Яғни, уақыт өткен сайын литиге деген сұраныс та арта бермек.

Жалпы Шығыстың геологиялық картасына 283 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген. 


Иллюстрациялық фото