Өскеменнің құтқарушылары жарылыстың алдын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен өрт сөндірушілері оттан газ баллондарын алып шығып, жарылыстың алдын алды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖ департаментіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Жексенбі күні Бобровка кентінде өрт болып, шаруашылық құрылыстар жанып кетті. От жалыны ағаш бастырманы шарпыған. Жолдың дұрыс тазартылмауынан өрт сөндірушілер жасағы кешігіп келді. Өртенген үйге 150 метр қалғанда, арнайы көлік омбы қарға малтығып қалды. Өрт сөндірушілер жүз метрлік қашықтыққа түтік құбыр тартуға мәжбүр болды.

Барлау барысында өрт сөндірушілер отқа оранған ағаш бастырма астынан 4 газ баллоны мен 6 бензин канистрін тауып алған. Тілсіз жау оларға да жетіп үлгерген, бірақ өрт сөндірулер шапшаң қимылдап, жарылыстың алдын алды. Нәтижесінде өрт сөндіріліп, ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлады ТЖД.

Өртті сөндіруге 4 дана техника және ӨСБ-5, ӨСБ-6 жеке құрамдары және ШҚО ТЖД «Өрт сөндіру қызметі және апатты-құтқару жұмыстары» ММ арнайы маманданған жасағы жұмылдырылды.