Шешек асуынан аққан қарғын су Сәтпаев даңғылын алып, Жібек жолы көшесімен қиылысқан тұсында көлшік пайда болған. Соның кесірінен көлік қозғалысы қиындап, кептеліс туындап, бірнеше сағатқа созылды. Оқиға басына барған Даниал Ахметов 1,5 сағаттың ішінде кептелісті сейілтуге тапсырма берді. Оны ұйымдастыру қала әкімі Қуат Тұмабаев пен облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановқа жүктелді. Ауа температурасы минусқа түскенімен, көлкіген су әлі басылар емес. Коммуналдық қызмет өкілдері су жырған ойықтарды таспен бітеуде.
«Кептелістің кесірінен бірнеше маршрут кестеден кешігіп жатыр. Басында аталмыш қиылыстан жеңіл көліктерді жібермеу ұсынылған. Қазір барлығы Сол жағалау арқылы, айналма жолмен қатынап жатыр. Әйтеуір тұрғындардан шағым түскен жоқ. Олар да жағдайды көзімен көріп отыр ғой» - дейді Өскемен қаласының жолаушы тасымалын басқару орталығы директорының орынбасары Ернар Мұстафин.
Облыс әкімі қалалық әкімдік өкілдерін аталмыш қиылыста тәуліктік кезекшілік ұйымдастыруға міндеттеді.