«Біз көптеген пайдалы тәжірибе үйреніп, алдағы уақытта өз жұмысымызға енгізе аламыз. Менің ойымша, бұл форумды өткізу Қазақстандағы бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізеді», - деп мәлім етті баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Илсияр Қанағатов.
Республикалық джиу-джитсу мен аралас жекпе-жектер федерациясының президенті, 8- дан, «Ханши» атағының иегері Руслан Әбдіреевтің айтуынша, форумды өткізудегі негізгі мақсат - шығыс жауынгерлік өнерін игеріп жүрген елдің барлық спорттық бірлестіктерінің басын қосу. «Федерациялар арасында өздері шеше алмаған бірқатар мәселелер бар, қазір осы мәселелердің шешімін таба алатын Орталық құру үшін барлық себептер туындады», - деп атап өтті ол.
Р.Әбдіреевтің пікірінше, Еуразиялық орталық құру республикамызға жақсы мамандарды тартуға мүмкіндік береді, ал ол өз кезгінде жаттықтырушы құрамының кәсібилілігін арттырып, Қазақстанды жаңа халықаралық деңгейге шығарады.
Форумды ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, елордамызға АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Австралия, Ресей, Грузия мен Армениядан шеберлер жиналып, өздерінің жеке стильдері мен мектептерінің бағыттары жайлы ой бөліседі. Форумның ашылуы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Еуразия» спорт кешенінде болады, форумға кіріп, қатысу тегін.