Осы аптада «BalaTurkvizyon» байқауының Түркиядағы Гранд-финалында Қазақстан намысын қорғайтын жеңімпаз анықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 19-20 қыркүйек аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында «BalaTurkvizyon» Халықаралық балалар ән байқауының жартылай финалы мен ақтық Гала-концертті өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтылды.

Байқаудың басты мақсаты - музыка әлемі арқылы балалардың жан-жақты дамуына үлес қосу, республикамыздың барлық балабақша мен мектептеріне арнайы сыйға тартылатын қазақ тіліндегі жаңа әндерді жарыққа шығару және қазақстандық жас сазгерлер мен ақындарға қолдау көрсету.

Айта кетейік, 15 тамыздан бастап «Бөбек» жұлдызды үйінде» 16 облыс пен Алматы, Астана қалаларының жеңімпаздары Әлия Назарбаева қорының арнайы шақыруымен, балалық шақтың алтын бесігіне айналған - «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында вокал, хореография, сахна және актерлік шеберлік бойынша кәсіби мамандардан сабақ алып, қазақстандық өнер майталмандарынан шеберлік сыныбын тамашалады.

Қыркүйектің 19-20 күндері Бейбітшілік және келісім сарайында байқаудың жартылай финалы мен финалына арналған концерт өтеді. Балаларға арналған жаңа әндерді барлық көрермендер мен қазақстандық 16 эстрада жұлдызынан құралған қазылар алқасы тыңдап, 20 қыркүйек күні финалдық Гала-концертке жолдама алатын 8 финалисті анықтайды.

«Ұлттық іріктеудің финалдық гала-концертінде қазылар алқасының төрайымы Әлия Назарбаева бастаған Жания Аубакирова, Қалқаман Сарин, Ренат Гайсин, Жанар Дұғалова, Арман Дүйсенов, Нұрлан Қаражігітов, Ринат Думанұлы қазылар алқасы іріктеудің ең үздік дауысын анықтайды. Жеңімпаз 2015 жылдың желтоқсан айында Түркітілді елдер арасында тұңғыш өткізілетін «BalaTurkvizyon» байқауында Қазақстан намысын қорғайды», -делінген таратылған мәліметте.

21 елдің өнерпазы бақ сынайтын Гранд-финал 2015 жылдың 18 желтоқсанында Түркияның Ыстамбұл қаласында өтеді.

Байқаудың ұлттық іріктеу кезеңін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының қолдауымен Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай. «BalaTurkvizyon-Қазақстан» Ұлттық іріктеу кезеңі 8 маусым мен 8 тамыз аралығында еліміздің барлық аймағында және Алматы, Астана қалаларында өтті. Іріктеуге 2000-ға жуық өнерпаздар қатысты. Әр өңірден жұлдызды тәлімгерлер - қазақстан эстрадасының жас әншілері мен танымал продюсерлері бірігіп, 8 бен 13 жас аралығындағы өнерлі балаларды таңдады.