Осы аптада Қарағанды облысы емханаларына тегін антибиотиктер келіп түседі
Келесі аптада пневмония мен КВИ-дан үйде емделетіндер қажетті антибиотикті тегін ала алады. Облыс емханаларына 87 мың азитромицин және 100 мыңнан астам амоксициллин келіп түседі.
Қажетті дәрі-дәрмекке рецептіні тіркеу орны бойынша емханаға жүгіну арқылы немесе DаmuMed қосымшасын пайдалану арқылы алуға болады.
Сондай-ақ, осы аптаның соңына дейін өңір стационарларына қажетті дәрі-дәрмек түсуі тиіс.
Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек жоқтығы мәселесі бойынша денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына 95-55-59 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Облыста медициналық мекемелерді техникамен қамтамасыз ету де жалғасуда.
Қазір өңірде ӨЖЖ аппараттарымен жабдықталған 150 реанимациялық төсек бар. Тағы 27 аппарат осы аптада ауруханаларға түседі. Осындай 100 құрылғыны сатып алуға бюджеттен ақша бөлінді.
Облыстың медициналық мекемелерінде 200 оттегі концентраты бар. Олар науқастардың қанында оттегінің қажетті деңгейін сақтауға көмектеседі. «Қазақмыс» корпорациясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 200 аппарат сатып алады.
Биылғы қыркүйек айына дейін Қарағанды облысында компьютерлік томографияның бес кабинеті ашылады.