16:31, 07 Сәуір 2009
Осы аптада «Самұрық-Қазына» қоры арқылы елордадағы 8 құрылыс нысанын қаржыландыру басталады
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астана қаласы бойынша, екінші дәрежелі банктердің қатысумен осы аптада 8 құрылыс нысанын қаржыландыру басталады.
Оның ішінде қаржыландыратын 2 нысан шартты баға бойынша, 6 нысан еркін баға бойынша сатылады. Сонымен бірге, «АТФ Банкпен» «Орман алаңқайы», «Батыс», «Грация» секілді тұрғын үй кешендерін қаржыландыру мәселелері бойынша келісімге қол қойылды. Соған орай, тиісті қаражат осы аптада бөлінеді. Бұл туралы ҚазАқпарат «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Келтірілген деректерге қарағанда, жоғарыда көрсетілген шаралар 4 мыңға жуық үлесшінің мәселесін шешетін көрінеді. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың екінші тоқсанында екінші деңгейлі банктерге 4,5 млрд.теңге бөлінсе, жалпы құрылысты қаржыландыру бойынша құйылатын қаржы көлемі 9,3 млрд.теңгені құрамақ. «Қаржының басым бөлігі, яғни шамамен алғанда 7 млрд.теңгесі «АТФ Банкке» бөлінеді. Өйткені аталған банк құрамында 2 мың 700 үлесшісі бар «Орман алаңқайы» тұрғын үй кешенін қаржыландыруда», делінген баспасөз парағында.