Бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында департаменттің кезектен тыс сайлауға байланысты атқарып жатқан істеріне тоқталған Қ.Мұхитовтың сөзіне қарағанда, ішкі істер саласының өкілдері қаладағы сайлау алдындағы тәртіптің талапқа сай болуын қадағалаумен қатар учаскелік сайлау комиссияларына сайлаушылардың тізімдерін нақтылау ісіне де көмектесуде.
«Бұған қоса учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік учаскелерді аралау кезінде үгіт-насихат құралдарының заң аясында орналастырылуын қадағалаумен айналысуда. Осы уақытқа дейін елордада кандидаттардың үгіт-насихат құралдарын қасақана бүлдіру немесе жойып жіберу фактілері орын алған жоқ. Сондай-ақ үгіт-насихат құралдарының белгіленген жерден басқа орынға орныластыру жағдайлар да болған жоқ. Анонимді насихат құралдарының да таралуына жол берілген жоқ», - деді департамент бастығының орынбасары.
Сондай-ақ оның сөзінше, полицейлер учаскелік сайлау комиссияларымен тығыз байланысты жұмыс істеуде. Қаладағы сайлау учаскелерінде 17 наурыздан бастап, полиция қызметкерлері қоғамдық және мүліктік қауіпсіздікті тәулік бойы күзетуге кірісті. Ал осыған дейін тәртіп сақшылары төтенше жағдайлар саласының және әкімшілік өкілдерімен бірлесе отырып, шаһардағы ғимараттардың қауіпсіздігін тексеріп шыққан.