Облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Зәуре Ғұмарованың айтуынша, бүгін Ақсай қаласында Бөрлі мен Шыңғырлау аудандарының түлектері сынақ тапсыруда.
Сондай-ақ Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі ҰБТ пунктінде қалалық және облыстық мектептердің, Зеленов ауданы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде облыстық мектептердің, Тасқала мен Теректі аудандарының түлектері сыннан өтуде. Бүгін 1281 жас ҰБТ тапсыруы керек болса, соның 1266-сы дәрісханаға кірді. Ертең қала мен басқа аудандарда сынақ жалғасады.
Облыс бойынша биыл барлығы 5384 түлек мектеп бітіреді, соның 3923-і ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірді. «Алтын белгіге» 211 түлек қол созса, 123-і «Ерекше аттестаттан» үмітті. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалардың 23 жүлдегері ҰБТ-дан босатылды. Дегенмен, олардың екеуі «Алтын белгіні» алуы үшін сынаққа қатысады.