Осы жасымда сайлауға қатысқаныма ризамын - Қ.Ахметова, 104 жаста, БҚО

ОРАЛ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Осы жасымда сайлауға қатысқаныма ризамын. Бұл туралы сайлау күні өз үйінде дауыс берген, Ақжайық ауданы Жайық ауылдық округінде тұратын 104 жастағы Қапиза Ахметова мәлім етті.

Қ.Ахметова 1908 жылы қазіргі Теректі ауданы Көнеккеткен ауылында дүниеге келген. Бар өмірі Жайықтың жағалауында өткен. Азамат соғысы, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы, тың көтеру - бәрінің салмағын елмен бірге көтерген кейуана бүгінде қызы Күлжан Жантуринаның қолында тұрады. Ері Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткеннен кейін екі қызымен қалған ол қайтып тұрмыс құрмаған.

«Басымыздан неше түрлі заман өтті. Қиыншылықты да, қуанышты да көрдік. Тәуелсіз еліміз қарияларға бар жақсылықты жасап отыр. Осыдан артық не керек! Сайлау күні де ұмытпай, комиссия мүшелері жәшігін алып, үйге келді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», дейді Қ.Ахметова.