Осындай қиын-қыстау кезде Отанның қадірін түсінесің – Лондон-Петропавл рейсінің жолаушысы

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлға Лондоннан жеткен ұшақ жолаушысы, Алматы қаласының тұрғыны ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбаттында, қазіргі жағдайы және Қызылжар өңірінің қалай қарсы алғандығы жөнінде айтып берді.

95 жолаушысы бар репатриациялық рейс 14 сәуір күні Петропавлға Лондоннан ұшып келді.

    Өкінішке орай, осы бортпен келген екі жолаушыда15 сәуір күні кешке коронавирус инфекциясы табылды. Солтүстік Қазақстан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, індетті жұқтырғандардың бірі 20 жастағы бойжеткен студент болса, екіншісі 40-тағы әйел. Осыған байланысты сұхбат берген ұшақ жолаушысы өзінің аты-жөнін атамауды өтінді.

    «Ұшақ жерге қона салысымен ешкім сыртқа шықпай, сауалнама толтырдық. Бізге маска таратты, қолымызды антисептикпен сүрттік. Дене қызуымызды өлшеп, жолсеріктер бізді 5 адамнан шығарды. Әуежайда жедел жәрдем қызметі, полиция, автобустар күтіп тұр екен. Барлығы арнайы киім киген, кинода жүргендей әсер алдым. Көлікке тізім бойынша отырғызды. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, бір-бірден жайғастық. Қонақ үйге де кезек-кезек орналастық. Оған біраз уақыт кетті, бірақ біз түсіністік таныттық. Жалпы жергілікті атқарушы билік бәрін жақсы ұйымдастырған. Әр қызмет өз жұмысын тыңғылықты орындады», - дейді ұшақ жолаушысы.

    Ұшақ жолаушыларының барлығы дерлік – қазақстандықтар. Жолаушылардың арасында балалар да болғанымен, басым бөлігі – шетелде оқып, жұмыс істеп жүрген ел азаматтары.

    «Қазақстанға ұшақ баратындығы жайында электронды поштамызға хат келді. Негізі күйеумнің оқуы бітті, енді тек емтиханы ғана қалған болатын. Екеуіміз кеңесе келе елге қайтуға шешім қабылдадық. Өйткені, қорқыныш пайда болды. Ол жақта да осындай карантин. Тек аса қажеттілік болғанда ғана далаға шыға аласың. Не болса да елге келіп, ата-анамыз, баламызбен қауышайық, жұртпен бірге көрейік деп шештік. Осындай қиын кезде Отанның барлығын, оның қолдауын сезесің, сені елде күтіп отырғанын білесің. Әлеуметтік желіде бізге қатысты түрлі жазбаларды оқыдық. Соның ішінде бізді індет жұқтырады деп шетелден әкелуге қарсы шыққандар да болды. Бірақ еліміз қиын-қыстауда өз ұл-қызын ғана емес, өзге ұлтты да өзегінен теппеген. Қауіп бола тұра қайтарды. Осылайша қарсы алып, жағдайымызды жасағаны үшін алғысым шексіз», - дейді шетелден келген қазақстандық.


    Қазір олар Петропавлдағы қонақ үйге орналастырылған. Бір бөлмеде екі адамнан жатыр.

    «Денсаулығымыз жақсы. Бастан-аяқ арнайы киім киген, маска, көзілдірік таққан медицина қызметкерлері күніне 3 рет әртүрлі тәсілмен, яғни электронды және сынапты градусникпен дене қызуын өлшейді. Шетелдегі әрі қарай не болар екен деген үрей Петропавлдың топырағын басқаннан кейін сейіліп, жаным тынышталды. Қауіпті індетке байланысты алынған талдау нәтижесі әлі шықпаса да, туған жер күш-қуат берді. Бәрінің жақсы аяқталатынына сенімім мол», - дейді Лондоннан келген қандасымыз.