Отан қорғау – абыройлы борыш - полковник Ерден Балғымбаев

Фото: «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасө қызметі
ОРАЛ. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 78 жылдығы кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашық есік» күнінде әскери техникалар мен қазіргі заманғы қару-жарақ түрлерінің үлгілері мен сарбаздар киімдері көрсетілді.

Мерекелік іс-шараға арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев әскери қызметшілер мен сарбаздарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, игі тілегін білдірді.


Өңір басшысы аға буын өкілдерінің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде теңдессіз ерлік көрсетіп, одан кейінгі жылдары бейбітшілік үшін күрескенін, мемлекет мүддесін қорғап, шекара шебін күзеткенін, қазіргі таңда жас ұрпаққа отаншылдық рухта тәрбие беруге өз үлестерін қосып келе жатқанын атап өтті.

Іс-шара барысында ардагерлер мен сала үздіктеріне марапаттар табыс етілді.

«Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталғандар арасында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы, полковник Ерден Балғымбаев бар. Ол ширек ғасыр бойы әскери салада қызмет атқарып келеді.

«Менің барлық өмірім әскери қызметпен байланысты. Бала кезімнен әскери қызметші болуды армандап едім, сол мақсатыма жеттім. Әр сардардың, әр сарбаздың борышы – Отанға адал қызмет ету. Отан қорғаушылар күніне орай қызметтестерімнің бәріне сәттілік, бақыт пен табыс тілеймін», - деді полковник Е. Балғымбаев.

Меймандар «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мұражайында болып, сондай-ақ сарбаз ботқасынан дәм татты. Дастархан басында майдан әндері орындалды.

Содан кейін әскери шеру мерекелік концертке ұласты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Жеңіс күніне орай 5 мыңнан астам адамға материалдық көмек көрсетілгенін жазған болатынбыз.