Отан қорғаушылар күнімен құттықтау ретінде қазақстандық әскерилер сап түзеп, «7» санын бейнеледі (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері ерекше акция өткізді. Олар қару ұстап, мерекелік күннің нышаны «7» санын арнайы сап түзеп салтанатты түрде көрсетті.

Аталған акция ҚР ҚК қатарындағы үздік саптық даярлық бойынша өткізген «7 мамыр» байқауының қорытындысы болды. Іс-шараға бірнеше әскер түрлері мен бөлімшелерінің әскери қызметшілері қатысты. Байқауда үздік даярлық көрсеткен жеке взводтар мен әскери бөлімдер ерекше акция арқылы өз шеберліктерін танытты. Олардың арасында Ақтаудағы 25744, Астанадағы 32363, Өскемендегі 27943 әскери бөлімдерінің, ҚР ҚМ құрметті күзет ротасы, сондай-ақ ҚР ҚК арнайы мақсаттағы үздік взводтары мен ҚР Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері бар.

ҚР ҚМ құрметті күзет ротасының әскери қызметшілері акция барысында сапта қару қолдануды көркем түрде нақышына келтіре орындап, парадтың салтанатты элементтерін көрсетті. Осы орайда, байқау жеңімпаздары барлық төрт тізбектің дәл қосылуы арқылы сапқа тұрып, барабан үнінің қолдауымен Отан қорғаушы күні - «7» санын бейнеледі, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.