Отан соғысына қатысқан ардагерлер саны жылдан жылға азайғанымен, олардың ұлы ерлігіне деген құрмет кемімеуі тиіс - Ким Серікбаев
«Бұл адамзат тарихындағы ең ерекше мерекелердің бірі. Ол қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде атап өтілуде. Оны өз азаттығы үшін фашистерге қарсы соғысқан барлық халық тойлауда», - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ким Серікбаев. Әскери ғылымдар докторы, профессор К.Серікбайұлының айтуынша, Отан соғысына қатысқан ардагер аға ұрпақтың саны жылдан жылға азайып бара жатыр. Бірақ бұл олардың ұлы ерлігін ұмытуға себеп болмауы тиіс. Майдан даласында қасық қаны қалғанша жаумен арпалысқан майдангер мен тыл еңбеккерлерінің ерен ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі үлгі-өнеге болып қала береді. Оған күмәнданушылар бұдан еш береке таппайды. Тарих Отан қорғаушыларға әлдеқашан өз бағасын беріп қойған. Қайта уақыт өткен сайын ол биіктеп, өз мәртебесін арттыра түседі.