Отандастардың қоржыны: ішінде ұлттық қолөнер бұйымдары бар
«Отандастар» қорының қандастарға арналған мазмұнды жобаларының бірі - «Қоржын». Қоржында қазақы құндылықтарымызды дәріптеп, ұлтқа қызмет етіп жүрген шеттегі қазақ-мәдени ұйымдарға арналған ұлттық аспаптар, ұлттық нақыштағы киімдер, кітап және басқа да бұйымдар бар, деп хабарлайды Kazinform.
Қор 2019 жылы шетелдегі отандастарымызға көмек көрсету мақсатында әлемнің 21 еліндегі қазақ мәдени-іскерлік орталықтарына 87 «Дәстүрлі қоржын» жиынтығын табыстады. Қоржын ішінде қазақтың ұлттық киімі, домбыра, құрақ көрпе және қазақ тұрмысына қажетті қолөнердің басқа да элементтері қамтылған.
«2020-2021 жылдары шетелдегі қазақ мәдени орталықтары мен бірлестіктерін ұлттық киіммен, музыкалық аспаптармен және бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі жоба пандемияға байланысты уақытша тоқтаған болатын.
2022-2023 жылдары әлемнің 17 еліндегі 43 мәдени орталыққа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — 138 дана, ұлттық киім — 457 жиынтық және ұлттық саз аспаптары — 178 дана табыс етілді», — деп жазды Қор ұжымынан.
«Қоржын» алған ағайынның ішінен РФ Алтай Республикасы Қосағаш ауданындағы «Шүйдің нұры» газетінің бас редакторы Арқалық Солтанов былай дейді:
«Сіздер ұлттық аспаптар мен киімдерді табыстаған кезде өзге ұлт өкілдері бізге: „Сіздерде арқасүйер, тіреу болатын Қазақстан бар, мықты азаматтар бар!“ деп тамсанады. Сондай бір сәтте ерекше сезімге бөленгенімізді қалай жасырайын! Сондықтан арқасүйер Қазақстанымыз аман, Атамекеніміздің туы көк аспанда мәңгі желбірей берсін!».
Сонымен қатар, қазан айында өткен «Отандастар» форумында да әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен келген ағайынға естелік болсын деген мақсатта қоржын таратылған болатын.