Отандастарымыздың зейнетақы жинақтарының көлемі 28,85 трлн теңгеге жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-дағы зейнетақы жинақтарының көлемі 2026 жылдың 1 қарашасына 28,85 трлн теңгеге жетті. 12 айдағы өсім – 3,01 трлн теңге немесе 11,7%.

Фото: Kazinform/ЖИ

Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) қалыптасқан қаражаттан тұрады, олардың көлемі — 26,59 трлн теңге, 12 айда 2,13 трлн теңгеге немесе 8,7% өсті.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 739,98 млрд теңге болды.

Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақ көлемі де ұлғайды: 2026 жылғы 1 қазанға оның көлемі 10,56 млрд теңге болып, 12 айда 10,5% өсім көрсетті.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 12 ай ішінде 2,36 есеге ұлғайып, 2026 жылдың 1 қарашасына 1 513,40 млрд теңге болды.

Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2026 жылдың 10 айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 3050,54 млрд теңге түсті, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 15,7%-ға (немесе 414,89 млрд теңгеге) артық.

МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2026 жылдың басынан бастап 2026 жылғы 1 қарашаға дейін 2327,94 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 7,9%-ға ұлғайды), МКЗЖ — 126,21 млрд теңге (өсім — 13,6%), ЕЗЖ — 1,78 млрд теңге түсті. Жыл басынан бастап 01.11.2026ж. жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен жарналар 594,61 млрд теңге.

Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 01.11.2026ж. жағдай бойынша 1281,99 млрд теңге.

2026 жылғы қаңтар-қазан айларында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 1566,74 млрд теңгені құрады.

Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 248,66 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем — 39 040 теңге.

2026 жылдың басынан бастап 01.11.2026 жылға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 520,16 млрд теңге, мұрагерлік бойынша 83,97 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 41,03 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға — 2,87 млрд теңге, жерлеуге — 7,93 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 662,12 млрд теңге аударылды.

2026 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны — 19,22 млн (12 айдағы өсім — 1,14 млн немесе 6,3%). Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2026 жылдың 1 қарашасында 12,93 млн болды. Оның ішінде: 11,46 млн — МЗЖ бойынша, 804,13 мыңы — МКЗЖ бойынша, 466,99 мыңы — ЕЗЖ есептелетін шоттар. Айта кетейік, МЗЖ есебі жүргізілетін шоттардың жалпы санына (11,46 млн бірлік) елден тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен, бірақ жинақтарын алу үшін жүгінбеген алушылардың, мұрагерлері зейнетақы жинақтарын мұраға ресімдемеген қайтыс болған салымшылардың, 2016 жылдан бастап зейнетақымен мемлекеттік қамсыздандырылуға толық ауыстырылған әскери қызметшілердің және шоттарына Қазақстан заңнамасына сәйкес жарналар түспеуі тиіс салымшылардың (алушылардың) басқа да санаттарының шоттары кіреді.

БЖЗҚ-дағы ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны — 6,29 млн.