Отандық әзірлеушілер «ақылды» есептегіштер желісін кеңейтіп, дрондар шығарады

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында отандық есептеу аспаптарын өндіруші компания жоғары технологиялық өнімдер желісін кеңейтіп жатыр, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, деректерді жолдау функциясы бар «ақылды» есепке алу құралдарын шығарады. NERO Group компаниясы енді инфрақұрылымдарды, ауыл шаруашылығын және төтенше жағдайларды бақылауға арналған пилотсыз ұшу аппараттарын локализациялау жобасын қолға алғалы жатыр.

Компанияның өндірістік алаңы «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кәсіпорынға салынған инвестициялардың жалпы көлемі — шамамен 2,4 млрд теңге.

Бүгінгі таңда зауыт энергия ресурстарының барлық түріне, яғни жылу, су, электр энергиясы мен газға арналған «ақылды» есептеу құралдарын шығарудың толық циклін жолға қойған. Өнімдерінің ерекшелігі — елішілік құндылық үлесінің жоғары екендігінде, ол 58% бен 83% аралығында өзгеріп отырады.

— Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Жалпы, соңғы жылдары Мемлекет басшысы цифрландыру қажеттілігі туралы үнемі айтып келеді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы цифрландыруды бірінші кезектегі міндет деп санаймыз. Президенттің бастамаларының арқасында желілерді жаңғырту бойынша ауқымды Ұлттық жоба басталды. Қазақстанда бұған дейін мұндай болмаған. Оның нәтижесі тек цифрландыру ғана емес, сонымен қатар энергетикалық экономиканы толық жаңарту болады деп үміттенеміз. Біздің кәсіпорын жабдықтың қажетті көлемін қамтамасыз етуге дайын. Барлық аспабымыз деректерді жолдау функциясымен жарақталған, бұл заманауи диспетчерлеу қызметіне негізі бола алады, — деп атап өтті NERO Group компаниясының құрылтайшысы Ерлан Нәбиев.

Компания, сондай-ақ, өндірісті әртараптандырудағы жоспарымен бөлісті. Мәселен, кабельдік өнімдер мен муфталарды шығаруды қоса алғанда, 5 локализациялау жобасы іске қосылған. Азаматтық мақсаттағы пилотсыз ұшу аппараттарына ерекше назар аударып отыр. Дрондар электр желілері мен құбырларды тексеру, төтенше жағдайларды мониторингтеуге, сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен ішкі істер органдарының қажеттіліктері үшін пайдаланылады.

Кәсіпорынның дамуында жасанды интеллект технологияларын енгізетін білікті кадрлар маңызды рөл атқарады.

— Жасанды интеллект барлық жерде — күнделікті өмірде ғана емес, өнеркәсіпте де енгізіліп жатыр. Біздің әзірлемелеріміз «ақылмен үнемдеуге» және ресурстарды тұтынудың сапалы аналитикасына жол ашады. Компанияда жұмыс істеген 10 жыл ішінде мен оператордан әзірлеушіге дейінгі жолдан өттім және инженерлік мамандықтардан үлкен перспективалар көріп отырмын, — деп атап өтті компанияның бағдарламашы-әзірлеушісі Юрий Макрушин.

Бұдан бұрын Олжас Бектенов Президенттің «Алатау» ИТП» АЭА аумағындағы жоғары технологиялық өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексергенін жазған едік.