Отандық ғалымдар электр энергиясын 30%-ға дейін үнемдейтін технология әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары құбырсыз су көтеру технологиясын әзірледі. Қазіргі уақытта жоба өндірістік сынақтан өткізіліп, пайдаланылу кезеңінде.

Фото: Су шаруашылығы министрлігі

Былтыр ҚазСШҒЗИ әзірлемесі Түркістан филиалының «Қазсушар» РМК-ға қарасты Мақтаарал ауданындағы су алу ұңғымаларында далалық сынақтан өтті. Сынақ қорытындысы бойынша техникалық және экономикалық тұрғыдан оң нәтижелер алынды.

Атап айтқанда, ұңғымаларды пайдалану кезіндегі металл шығыны 85%-ға дейін, электр энергиясына жұмсалатын шығын 30%-ға дейін азайған. Сонымен қатар ұңғымалардың өнімділігі 20-40%-ға артса, сорғы жабдығын монтаждау және демонтаждау кезіндегі еңбек шығыны 70%-ға дейін төмендеген.

Осылайша, дәстүрлі су көтеру құбырларынан бас тарту есебінен айтарлықтай экономикалық тиімділікке қол жеткізілген.

Сондай-ақ электр жүктемесінің төмендеуі сорғы агрегатының қызмет ету мерзімін ұзартуға және жүйенің жалпы энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай құрылғылар өндірілмейді әрі қолданылмайды. Ал ыңғайлылығы, сенімділігі және өндіріске енгізуге дайын болуы жағынан олармен салыстыруға келетін бәсекелес немесе балама шешімдер жоқ. Қазір жабдықтың әртүрлі маусымдық жағдайлардағы жұмысына мониторинг жүргізу жалғасып жатыр. Құбырсыз су көтеру технологиясының техникалық-экономикалық және өндірістік тиімділігі бойынша түпкілікті нәтижелер өндірістік сынақтардың толық циклі аяқталғаннан кейін белгілі болады, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

Айта кетейік, Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны артып келеді. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша заманауи суару жүйелері 702,3 мың гектар суармалы жерге енгізілді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді.