Отандық ғалымдар Қызылордаға төзімді күріштің 2 түрін әзірлеп жатыр

Фото: Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Отандық ғалымдар Қызылорда облысының жағдайында өсіруге арналған өнімділігі жоғары күріштің екі түрі әзірлеп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің жауабында айтылған.

- Диқаншылық және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын және А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығын бірлесіп, Қызылорда облысының жағдайында өсіруге арналған өнімділігі жоғары, жарма шығымы 64 %-ға дейін және қолайсыз табиғи жағдайларға төзімділігі жоғары күріштің екі түрі әзірленіп жатыр, - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, тұқым шаруашылығын дамыту және аграрлық ғылыми базаны нығайту мақсатында Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Кешенді жоспарды іске асыру аясында «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі институттың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды және ғылыми әлеуетін күшейтуді көздейтін 2025 - 2028 жылдарға арналған мемлекеттік инвестициялық жоба әзірледі.

- Сондай-ақ «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға сәйкес Аграрлық институттардың ғылыми қызметін қаржыландыру базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы бюджеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында институт 2024 - 2026 жылдары жыл сайын 90 млн теңге көлемінде қаржыландыратын бес ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асырып жатыр. Бағдарламаларға институттың ғылыми-өндірістік учаскесі негізінде кешенді зерттеулер жүргізу кіреді, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Қызылордада күріш көлемі қысқаратынын жазған едік.