Отандық IT қызметтер экспорты екі еседен астам өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Екі жыл ішінде Қазақстанның IT қызметтер экспорты екі еседен астам өсіп, жалпы құны 1,1 млрд доллардан асты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның сөзінше, аталған көрсеткіштің жартысынан астамын Astana Hub резиденттері қамтамасыз етеді.

– Биыл тоғыз айда резиденттер 317 млрд теңгеге экспорт жасады. Бұл шикізаттық емес экспортқа оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын білдіреді. Демек, нақты нәтиже бар. Стартапқа акселерация, қаржы, шетел нарығына шығу секілді әр кезеңде қолдау көрсетеміз, – деді Ростислав Коняшкин.

Сонымен бірге, оның айтуынша, Astana Hub өңірлік IT-экожүйені дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде Қазақстанда 20 өңірлік IT-хаб жұмыс істейді. Олардың базасында 2,5 мыңнан астам іс-шара өткізілген.

Одан бөлек, Қазақстан халықаралық инфрақұрылымды да кеңейтіп келеді. Қазіргі таңда АҚШ, Қытай, БАӘ және Малайзияда төрт IT-хаб жұмыс істейді. Олардың бағдарламаларынан 61 қазақстандық стартап өтті. Ал 20 қарашада Ұлыбританияда бесінші IT-хабтың ашылуы жоспарланған.

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Халықаралық хабтар сыртқы нарықтарға шығу функциясын орындайтынын, әлемдік сараптамаға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін және сол арқылы отандық IT-компаниялардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін әлемнің түкпір-түкпірінен IT мамандарын Астана мен Alatau City-ге тарту жоспарланып отырғанын жазғанбыз.