Отандық картоп өсірушілер неге сыртқа телміреді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Тұқым шығарушыларды қолдау — елеусіз қалып отырған өзекті мәселенің бірі. Салдарынан картоп өсірушілердің дені егіске қажет тұқымды сырттан сатып алып отыр. Ал картоп бойынша отандық элиталық жаңа сорттар жоқтың қасы.
Бұған мысал ретінде Павлодар облысының картоп нарығында қалыптасқан ахуалдарды сөз етелік.
Ертіс-Баян өңірі — картопқа жарыған өңір. Аймақта жыл сайын кемі 600-700 мың тонна картоп жиналып, дені экспортқа кетеді. Жыл сайын «екінші нан» аста-төк болады.
Алайда кейбір шаруашылықтарда өнімнің сапасына, картоптың құнарына баса мән берілмей келе жатқаны өкінішті. Фермерлер тұқымдық картоптың негізгі бөлігін сырттан тасиды.
Бұл — өзге мемлекеттердің тұқымы мықты, біздің ғалымдарымыз ондай өнім шығара алмайды деген сөз емес. Мәселе картоп шығарушы оригинаторларға қолдаудың жоқтығы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ережелерге сүйенсек, еліміздегі картоп өсірушілер тұқымды жергілікті тұқым шаруашылықтарынан сатып алса, онда шаруаға мемлекеттен субсидия төленеді. Ал түнпнұсқаның иесі, яғни тұқым оригинаторына бюджеттен бақыр да жоқ.
Біраз жыл «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасында» басшылықта жұмыс істеген, қазіргі уақытта жеке компанияда еңбек ететін маман Бауыржан Рахимовтың пікірінше, еліміздегі тұқым туралы заңға өзгерістер енгізілмесе, жағдай оңалмайды.
— Жалпы, отандық ауылшаруашылық дақылының қандай түрі болмасын, тұқым шығару ісі мемлекет тарапынан мардымсыз жағдайда қолдау тауып отыр. Соның ішінде Ертіс-Баян өңірі үшін картоп тұқымы аса өзекті. Біздің фермерлер жыл сайын облыс тұрғындарының сұранысынан 10 есе көп өнім жинайды. Алайда шаруалар сапалы тұқым сатып алуға келгенде көбіне тығырыққа тіреледі. Себебі біздің өзімізде өсірілетін, сақталатын отандық тұқым түрлері саусақпен санарлық. Олар босататын көлем барлығына жетпейді немесе кейс жағдайда сапасы жағынан осал. Салдарынан жыл сайын көктемде тұқымды қымбат бағаға Ресей мен Нидерландыдан және тағы басқа мемлекеттерден алып жатырмыз. Миллиондаған ақшамыз шекара асып, өзге мемлекеттердің фермерлерін байытып отырғаны өкінішті, — деп қынжылады Б.Рахимов.
Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, тұқым шаруашылығының ең ұшар басында оригинатор, яғни тұқымның «атасы» тұрады. Ол шығарған тұқымды элиталық тұқым шаруашылықтары көбейтіп, сақтап әрі қарай тұқым шаруашылықтарына сатады.
Тұқым шаруашылықтарынан соң аралық компаниялар өнімді фермерлерге үлестіреді. Жоғарыда айтқандай, оригинаторларға жасалатын қолдау жоқ. Салдарынан жаңадан тұқым ойлап табуға фермерлер мен ғалымдарда ынта да жоқ.
Тағы бір мәселе, шетелден жеткізілетін тұқымның ұсақ шаруашылықтарға қолжетімсіздігі. Сырттан тапсырыспен аз көлемде өнім алдыру үлкен шығын.
Мұны білетін фермерлер жергілікті нарықта бұрыннан таныс ескі тұқымдарды жыл сайын көбейтіп, сатып отырған әдеттегі тұқым шаруашылықтарынан ала салады. Ал ондай тұқымдардың тұқымдық, яғни бастапқы қасиеттері әлдеқашан жойылып кеткен.
— Мысал үшін Павлодарда «Гала» деген картоп сорты бар. Оның өнімділік қасиеттері әлдеқашан жойылған. Жай ғана атауы сақталып қалғанына сендіре аламын. Тұрғындар сүйсініп жейтін «Ред скарлет» деген қызыл картоп бар, ол да әбден азып кетті. Жергілікті тұқым шаруашылықтарында «Коломбо», «Королева Анна» деген тұқым түрлері де өсіріледі. Бірақ бұлардың барлығы сырттан алынып, көбейтіліп отырған өнімдер. Сайып келгенде Павлодарда шығарылған түпнұсқа картоп деген атымен жоқ, — деп қосты Бауыржан Рахимов.
Өз түпнұсқа өніміміздің жоқтығынан кейбір шаруашылықтар Нидерландының қымбат тұқымын сатып алып, оны бірнеше жыл егіс танаптарында өсіріп көбейтіп тұқымдық қор жасауға мәжбүр.
Оған «AndasAgro» ЖШС-ның жағдайын мысал етуге болады. Шаруашылық басшысы Зейнолла Сәлменбаевтің айтуынша, картоптың «Вега», «Конкорд», «Коломбо», «Гала» секілді кең таралған түрлерін өсіреді. Өзбекстан халқы «Веганы», павлодарлық тұтынушылар «Коломбо» сорттарын ұнатады.
— Жоғары элиталы тұқымдарды Нидерланд пен Беларуссиядан сатып алып келіп, өзіміз көбейтеміз. Бағасы удай, жыл сайын ала беруге шамамыз жетпейтіні белгілі. 100 тонна тұқым шамамен 30 гектарға отырғызылады. Өнімін күзде жинап алып, қамбаға сақтап қоямыз. Келер жылы ол әлденеше есе көп гектарға салынады. Сөйтіп-сөйтіп өзіміздің тұқымдық қор құрылады. Былай қарасаң, жергілікті жерден тұқым сатып алғанша, импорт өнімді ала салған оңтайлы. Сапалы әрі мол өнім беретініне сенімді боласың. Ал біздің жердің топырағында сапалы өнім шығару, оны жылдар бойы баптау қып-қызыл шығын ғой. Оны ғалымдар да әлдеқашан мойындап қойған, — дейді тәжірибелі картоп өсіруші.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, былтыр облыста 24 мың гектарға картоп отырғызылып, шаруалар орташа алғанда гектарынан 255,3 центнерден өнім жинаған. Жыл соңында жиыны 614,8 мың тонна картоп алынған.
Қазіргі уақытта облыста 113-тен астам шаруашылық картоп өсірумен шұғылданса, оның 16-сы ірі шаруашылық санатында. Биыл жалпы аумағы 26 мың гектар аумаққа өнім егіледі деген жоспар тұр.
— Ақсу қаласының ауылдық аймағында (6,4 мың гектар), Павлодар (4,5 мың гектар) мен Ақтоғай (3,2 мың гектар) аудандарында, сондай-ақ Екібастұздың ауылдық аймақтарында (2,7 мың гектар) картоп көп өсіріледі. Арнайы ұйымдастырылған фермаларда егіс танаптары негізінен суармалы жерлерде орналасқан. Шаруашылықтарда жалпы саны 625-тен астам жаңбырлатқыш машиналар қолданылады. Облыста суармалы жерлерді дамытудың әлі де 30-ға жуық жобасы бар. Биыл 54,4 мың тонна картоп тұқымы қажет. Аталған көлем фермерлердің қолында бар. Ауа райы жағдайын ескере отырып, биыл картоп отырғызу мамыр айында басталды. Картоптың негізгі сорттары — «Латона», «Коломба», «Леди Клэр», «Гала Импала». Облыста «Латон», «Коломба» тұқымдары өндіріледі. Сорттарды жаңарту үшін фермерлер Батыс елдері селекциясының тұқымдарын сатып алады (Германия, Нидерланд), — дейді өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов.
Маманның дерегінше, облыста тұқым бойынша бір ғана оригинатор, 2 элиталық тұқым шаруашылығы, 3 тұқым шаруашылығы бар.
Биыл картоп тұқымын сатып алғаны үшін төленген субсидиялардың жалпы сомасы 355,6 млн теңгені құраған.
Субсидия сатып алынған элиталық картоп тұқымдары мен алғашқы репродукция үшін төленеді.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында сәбіз бен картоп далада шашылып жатыр.