Отандық кәсіпкерлер өнімдерін Түркістандағы арнайы көрмеде шетелдік серіктестерге ұсына алады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында 18-19 қыркүйек күндері «Қазақстан үздік тауары — 2026» өңірлік көрме-конкурсы өтеді. Ауқымды шараға Түркістан облысының 200-ден астам тауар өндірушісі қатысып, өз өнімдерін таныстырады.

Фото: БҚО әкімдігі

Екі күнге жоспарланған көрме-конкурс отандық өндірісті ілгерілетуге, жергілікті өнімдерді жаңа өткізу нарықтарына шығаруға және кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыстар орнатуға бағытталған. Шараға кәсіпкерлермен қатар ірі сауда желілерінің өкілдері, байерлер, дистрибьюторлар, инвесторлар, маркетплейстер, қаржы және логистика компаниялары, мемлекеттік органдар мен шетелдік серіктестер қатысады.

Көрме алаңында азық-түлік, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі, жиһаз, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер және басқа да өндіріс бағыттарындағы тауарлар ұсынылады. Сонымен қатар өңірде өндірілетін заманауи технологиялық өнімдер мен өндірістік жабдықтар таныстырылады.

Көрменің маңызды бөлігі — «Түркістанда жасалған» арнайы экспозициясы. Мұнда облыстың әр аудан-қаласында өндірілетін өнімдер бір алаңға жинақталып, өңірдің өндірістік әлеуеті көрсетіледі. Ал «Бір ауыл — бір өнім» жобасының қатысушылары ауылдық жерлерде жасалған бірегей өнімдері мен жергілікті брендтерін ұсынады.

— Биылғы көрменің басты ерекшелігі — оның тек өнім таныстыратын алаңмен шектелмей, нақты сауда және экспорттық байланыстар орнатуға бағытталуы. Екі күн ішінде 500-ден астам B2B кездесу өткізу жоспарланған. Келіссөздерге Қазақстанның сауда желілері, гипермаркеттер мен супермаркеттер, көтерме сауда компаниялары, дистрибьюторлар, маркетплейстер, логистикалық және қаржы ұйымдарының өкілдері қатысады. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан шетелдік импорттаушылар, дистрибьюторлар мен іскерлік серіктестердің қатысуы көзделіп отыр, — деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асылан Ибадуллаев.

18 қыркүйекте «Қазақстан үздік тауары — 2026» өңірлік көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Байқау қорытындысы бойынша өндірістік мақсаттағы, халық тұтынатын және азық-түлік тауарлары бағытындағы үздіктер анықталады.

Көрме-конкурс бағдарламасындағы маңызды шаралардың бірі — «MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» экспорттық форумы. Форумда кәсіпкерлердің шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндіктері мен экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланады. Оған «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың, даму институттарының, қаржы ұйымдарының, сауда желілері мен онлайн-сауда алаңдарының өкілдері қатысады.

19 қыркүйекте инвесторлармен арнайы кездесу өткізіліп, Түркістан облысының инвестициялық және өндірістік мүмкіндіктері таныстырылады. Инвесторларға өңірдегі нақты өндірістердің жұмысы көрсетіліп, «Түркістан Текстиль» («Kazakstan Lihua»), «Qaz Natural Laminat», «QazEcoPack» және «Er-Qan Group» кәсіпорындарының өндірістік нысандарына бару ұйымдастырылады.

Шараның екінші күнінде кәсіпкерлерге арналған BusinessGO цифрлық платформасы таныстырылады. Кездесуде бөлшек сауданы цифрландыру, касса мен тауар есебін жүргізу, фискалдық талаптарды сақтау және кәсіпкердің күнделікті жұмысын жеңілдететін цифрлық құралдар туралы ақпарат беріледі.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, екі күн ішінде көрмеге 15 мыңнан астам адам келеді деп жоспарланып отыр.