Отандық кітап басып шығару ісін субсидиялау форматын өзгерту қажет — Айдос Сарым

Фото: Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты.

«Кітап оқитын ел қалыптастыру — Президент айқындаған күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі. Биылғы Құрылтайда Президент мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсетіп, кітап оқитын ел жобасына қайта тоқталды. Мемлекет басшысының осы мәселеге ерекше назар аударуының себебі — кітап оқу ұлттың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шарты екендігімен байланысты. Бұл ретте, отандық авторлар мен баспагерлерді мемлекеттік қолдауда басымдықтың оқулықтар мен әдебиеттерді басып шығаруға тапсырыс берумен ғана шектеліп отырғаны алаңдатады. Бүгінде дүкендерде кітап сөрелерінде ұлттық әдебиет пен кітаптар саны артқанымен, бұл жұмыс тым баяу жүргізілуде. Сондықтан Мемлекет басшысының таяуда өткен Ұлттық құрылтайда осыған қатысты берген тапсырмасын негізге ала отырып, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға түзету енгізу қажет деп санаймыз», — деді Мәжіліс депутаты.

Осыған орай Айдос Сарым аталған шара мынадай бағыттарды қамту қажеттігін атады:

— отандық кітап басып шығару ісін субсидиялау форматын өзгерту; 
— кітап индустриясы мен кітапқұмарлар қоғамының инфрақұрылымын қайта құру;
— қалалар мен ауылдардың әлеуметтік-мәдени стандарттарын өзгертіп, оқырмандар мен тұрғындардың санына шаққандағы кітап дүкендері мен дүңгіршектердің қажетті көлемін анықтау;
— қарапайым қағаздан бастап, полиграфиялық жабдыққа дейін импортқа жүз пайыз тәуелді кітап индустриясы саласына экономикалық тұрғыдан ынталандыру;
— авторлық сыйақы төлеу қағидаларын, оның мөлшері мен төлеу тәртібін әзірлеу және бекіту;
— кітапқа деген қызығушылықты отбасында қалыптастыру;
— кітап оқу әдетін мектеп қабырғасынан бастап дамыту;
— мектеп кітапхана желісі бойынша жүйелі жұмыс жүргізу.

«Президентіміз қоғамда патриотизм, жасампаздық, заңға, аға буын деген құрмет сияқты және басқа да құндылықтарды қалыптастыру міндетін үнемі айтып келеді. Бұған көбіне кітап оқу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Барлық мемлекеттік органдар осыны қаперлеріне алулары қажет. Совет заманында, қазақ жазушыларының туындылары жүздеген мың тиражбен, ал ең танымал қазақ газет-жорналдары 500-600 мың тиражбен тарайтын кезеңді де көрдік. Еліміз Тәуелсіздігін алып, халық саны еселеп артқан заманда бұндай жағдай қайталанбайды дегеннің өзі асқан қателік! Бұған тек жүйелі, табанды жұмыс атқаруымыз шарт! Жалпы алғанда, фракциямыздың депутаттары өз тарапынан қажетті заңнамалық шаралар арқылы отандық кітап шығаруды институционалдық тұрғыдан нығайту үшін Үкіметке жәрдем көрсетуге дайын Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы толыққанды іске асырылуы керек», — деді Айдос Сарым.