Отандық өндірушілерден сатып алу 8 пайызға азайған – Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың отандық кәсіпорындардан тауар сатып алу көрсеткіші небәрі 17 пайызды құрап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Үкімет

- Отандық өндірісті дамыту және ішкі нарықты қорғау — Үкіметтің экономикалық саясатының теңдессіз басымдығы. Мемлекет басшысы атап өткендей, күшті әрі бәсекеге қабілетті нақты сектор мен отандық тауар өндірушілерге арқа сүйемей, қуатты экономика құру мүмкін емес. Алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру аясында биыл Қазақстанда жалпы құны шамамен 1,7 триллион теңгені құрайтын 200-ге жуық жаңа өнеркәсіптік кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Біздің міндетіміз — отандық зауыттар мен фабрикалар үшін өнімдерін тұрақты өткізуге, қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізуге және әділ бәсекелестік жағдайларына кепілдік беру, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің дерегінше, нақты қолдау тетігін, сондай-ақ тауарлардың шығу тегінің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету үшін осы жылдың басынан бастап қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылды. Оның көмегімен 70 мыңнан астам тауар позициясы бойынша 2 700-ге жуық өндірушінің қызметі расталды.

- Бұл тетік құрылыс саласында, мемлекеттік сатып алуларда, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында ғана емес, жеңілдікпен қаржыландыру алу кезінде де белсенді қолданылуға тиіс еді. Сол үшін мемлекеттік сатып алу аясында тек отандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлар тізбесін кеңейттік. Алайда, есепті деректерге сәйкес, 9 айдың қорытындысы бойынша жасалған шарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға төмендеп кеткен, - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы кәсіпорындардан өз мәртебесін растау рәсімдерінің ұзаққа созылып жатқаны туралы шағымдар да үнемі түсіп жатқанын айтты.

Бұл сатып алу саласында және тізілімнің жұмысында бірқатар мәселелердің барын көрсетеді.

Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында орасан зор резервтер бар. Бұл ретте қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың отандық кәсіпорындардан тауар сатып алу көрсеткіші небәрі 17 пайызды құрады. Жағдайды жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау қажет, - деді ол.

Айта кетейік, биыл сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасының 95 пайызы елімізде құрастырылды.