— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуына шағын және орта бизнесті тарту тетіктерін жетілдіруді тапсырған болатын. Осы орайда, өнім жеткізуге қойылатын талаптарды жеңілдете отырып, сатып алатын көлемнің бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындардың еншісіне қалдыру керектігін атап өтті. Бұл ретте сатып алуларға жұмсалатын қомақты қаржы ресурстары ұлттық экономикаға — қазақстандық кәсіпорындарды құруға, отандық технологиялар дамытуға және жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруға жұмыс істеуі аса маңызды, — деді Дания Еспаева Құрылтайда «Өңдеуші секторды ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу туралы» тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Сонымен қатар ол Өнеркәсіп министрлігі пулдарды қалыптастыру және цифрлық тізілімдерді іске қосу туралы есеп бергенін, бірақ отандық зауыттар ұзақ мерзімді тапсырыстарсыз қалғанын және базалық шикізатқа қол жеткізе алмағанын айтты.
— Энергетика министрлігі мен шикізат секторындағы ірі алпауыт компаниялар триллиондаған сомаға жететін сатып алу көрсеткіштерін жариялайды. Алайда, осындай орасан зор бюджеттерге қарамастан, осы жылдың бірінші жартыжылдығында — мұнай-газ саласындағы қазақстандық тауарлардың үлесі небәрі 21%-ды құрады, ал қатты пайдалы қазбалар секторындағы жер қойнауын пайдаланушылар отандық өнімнің 17 пайызын ғана сатып алады. Онжылдықтар бойы өзіміз де оңай өндіре алатын негізгі тауарларды — атап айтқанда, арматура, сорғылар, кабельдер және түрлі реагенттерді сырттан импорттауды жалғастырып келеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі дақылдардың өнімділігі мен субсидияланған қолдау туралы есеп береді, бірақ отандық агрохимиялық заттар, жоғары қосылған құнды қаптама материалдары және толық циклді ауыл шаруашылығы техникасын өндіру қайда? Неліктен ауыл шаруашылығы секторы импорттық компоненттер мен шетелдік технологияларға өте тәуелді болып қала береді? , — деді Құрылтай төрағасының орынбасары.
Бұдан бөлек ол «Самұрық-Қазына» қоры импортты алмастыру бойынша ауқымды бағдарламаларды таныстырғанын еске салды.
— Дегенмен, неге жеке бизнес сатып алу рәсімдерінің лабиринтінде жылдар бойы шарлап, кейіннен түсініксіз қабылдамауларға тап болады? Ал офтейк-келісімшарттары механизмі көбінесе корпоративтік KPI-лерге қол жеткізу үшін қолданылатын қысқа мерзімді келісімдермен алмастырылады. «Бәйтерек» холдингі және түрлі даму институттары бизнеске қолжетімді инвестициялық ынталандыру шаралары туралы хабарлап келеді. Сонымен қатар, жобаларды іріктеуге қойылатын талаптардың жоғары болуына байланысты, бұл тетіктердің кәсіпорындардың едәуір бөлігі үшін іс жүзінде қолжетімсіз екенін атап өту қажет, — деді Дания Еспаева.
Бұған дейін Құрылтайда импортқа тәуелділікті азайтудың тетіктері ұсынылғанын жазған едік.