Отандық опера әншісі атақты тенормен бірге өнер көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың 27–28 маусымында Помпейдегі амфитеатрда атақты тенор Андреа Бочеллидің концерті өтті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Концерт «Andrea Bocelli Live in Concert» атты гастрольдік тур аясында ұйымдастырылды.
Андреа Бочеллидің концерттерінде дәстүрлі түрде әлемге әйгілі әртістер өнер көрсетеді.
— Италиялық маэстро осы жолы Қазақстанның опера әншісі Әйгерім Алтынбекпен бір сахнаға шығып, дуэт орындады. Бұл кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады. Өнерсүйер қауым үшін ұмытылмас оқиға болды, — делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, 25 маусымда Әйгерім Алтынбек Астанада әлемге танымал тенор Хосе Каррераспен де бір сахнада өнер көрсеткен еді. Өнерпаздардың кәсіби шеберлігі мен зор дауысы сол кеште де көрерменді бей-жай қалдырмады.
Бұған дейін қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек әлемдегі ең беделді опера өнері оқу орындарының бірі — «Ла Скала» театры академиясында тағылымдамадан өтетіні айтылды.
Сонымен қатар Әйгерім Алтынбек Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болды.
Ол нақты бір опера әншісін «кумирім» деп айта алмайтынын атап өтті.