Отандық жүк тасымалдаушылар 58 елге ортақ ережеге көшеді
Құжатты таныстырған Көлік министрінің міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, конвенция халықаралық автотасымалдар саласындағы негізгі құжат саналады. Оған 58 мемлекет кіреді, оның ішінде ТМД-ның барлық елі де бар.
— Бұл құжат халықаралық автомобиль жүк жеткізу тәртібін белгілейді. Атап айтқанда шарт жасау, рәсімдеу және тасымалдаушының жауапкершілігі туралы ортақ талаптарды қамтиды. Аталған конвенция қатысушы мемлекеттердің тасымалдаушыларына бірыңғай талаптарды қолдану, халықаралық көлік қызметтері нарығында ашық бәсекелестік қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар тасымалдау процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғауға және халықаралық жүк жеткізуді жеңілдетеді, — деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, конвенцияны қолдану экспорттық-импорттық жүк айналымының дамуына ықпал етіп, шетелдік мемлекеттер қазақстандық компанияларға сенімін арттырады. Сондықтан осы құжатты қабылдау отандық көлік компанияларының халықаралық нарықтарға шығу және жүк жеткізу географиясын кеңейту үшін қолайлы жағдай жасайды.
— Мемлекет басшысы айтқандай, автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Осыған орай, ұсынылған конвенция көрсетілген мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Аталған заң жобасы республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді, — деді Мақсат Қалиақпаров.
Жүк тасымалдаушыларға арнайы бағдарлама әзірленеді
Осыдан кейін депутаттар баяндамашыға сұрақтарын қойды. Мәселен, Жанарбек Әшімжан Қазақстанның халықаралық автомобильмен жүк тасымалдау келісімшарты туралы конвенцияға қосылуы нәтижесінде елде халықаралық автомобиль тасымалдарының құқықтық негізі қаланатынын атап өтті.
— Осы конвенцияға қатысушы елдер арасындағы транзиттік-көліктік қатынастар одан әрі дамиды. Тасымалдаушылардың жауапкершілігі стандартталады, кедендік рәсімдер оңтайландырылады, сондай-ақ еуразиялық логистикалық жүйеге интеграциялану қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты менің сұрағым: аталған конвенция қазақстандық тасымалдаушыларға қандай қосымша мүмкіндіктер береді? — деп сұрады ол баяндамашыдан.
Сауалға жауап берген министр міндетін атқарушы еліміз конвенцияға қосылғаннан кейін 58 елде қолданылатын бірыңғай ережелермен жұмыс істейтінін айтты.
— Демек, бұл отандық тасымалдаушыларға оң әсерін тигізеді. Өйткені бірыңғай ережелермен жүреді, бірыңғай жүйе болады, — деді ол.
Ал депутат Константин Авершин халықаралық нарықта отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру ашық әрі біріздендірілген құқықтық жағдай қалыптастырмай мүмкін еместігіне назар аудартты. Осыған орай ол конвенцияға қосылу және құқықтық өзгерістер енгізу қазақстандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қаншалықты жеткілікті болатынына алаңдаушылық танытты.
Мақсат Қалиақпаровтың пайымынша, еліміздің конвенцияға қосылуы отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызды қадам болмақ.
— Қазір біз оларға арнап осы конвенцияның ұсынымдары мен ұсыныстары аясында арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Жалпы, бұл конвенция халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын қазақстандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін сөзсіз арттырады деп есептеймін, — деді министр міндетін атқарушы.
Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндік туады
Заң жобасын талқылау барысында депутат Тұрарбек Тілемісов халықаралық автомобиль тасымалдарының құқықтық алаңын жетілдіру мәселесі еліміздің экономикалық егемендігі мен экспорттық әлеуеті үшін аса маңызды екеніне тоқталды.
— Конвенция — бұл жай ғана көлік жүк қозғайтын стандарттары емес, бұл өркениетті логистика нарығының іргетасы. Неліктен бұл бағытта қолдау мен дамыту түбегейлі маңызды? Біріншіден — бизнестің құқықтық қорғалуы. Біздің отандық тасымалдаушылар күн сайын халықаралық бағыттарға шығады. Бірыңғай және түсінікті ережелер болмаған жағдайда, олар көбінесе жүктердің бүлінуі, жоғалуы немесе жолда кешігу кезінде туындайтын дауларда қорғансыз қалады. Осы конвенция жауапкершілік лимиттерін және шағымдарды реттеудің ашық тетіктерін нақты бекітіп, қазақстандық бизнестің мүдделерін қорғайды, — деді ол.
Депутат заң жобасы екіншіден еліміздің транзиттік әлеуетін арттыратынын айтты.
— Қазақстан географиялық тұрғыдан Азия мен Еуропа арасындағы басты көпір болу үшін жаралған. Шетелдік инвесторлар мен ірі логистикалық операторлар жалпыға бірдей танылған халықаралық конвенцияларды қолдана алатын дәліздерге ғана сенім артады. Бұл көлік инфрақұрылымына инвестицияларды тартуға тікелей әсер етеді. Осы бастаманы қабылдау және белсенді түрде қолдау мемлекетіміздің сенімді әрі болжамды сауда серіктес ретінде ұстанымын нығайта түседі, — деді Тұрарбек Тілемісов.
Осыдан кейін Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің ұсынысымен заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымда қабылданды. Құжат комитет отырыстарында депутаттармен және мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерімен жан-жақты қаралған әрі ұсыныстар мен ескертпелер келіп түспеген. Заң жобасы көлік-логистикалық процестің негізгі қатысушылары — жөнелтушілер, алушылар мен тасымалдаушылардың өзара іс-қимылын реттеуге бағытталған. Сонымен қатар халықаралық автомобиль жүк тасымалының жүзеге асуы кезінде олардың арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді.
Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы жүк тасымалдаудың жаңа жүйесін іске қосатынын жазғанбыз.