Отандық тауарларды ілгерілету үшін 50 меморандумға қол қойылды – Қанат Шарлапаев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық тауарларды маркетплейстер арқылы ілгерілету бағытында жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның айтуынша, отандық өнімдерді сауда желілеріне, электрондық сауда алаңдарына және экспорт нарықтарына шығарудың бірыңғай тәртібі қалыптасып жатыр. Бұл жұмыс ұлттық палата, Сауда және интеграция министрлігі және өңірлермен бірлесіп жүргізіліп келеді.

– Былтыр өңдеу өнеркәсібі қауымдастықтарымен және Сауда министрлігімен желілердегі отандық тауарлардың кемінде 30%-дық үлесін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық түзетулер енгізілді. Аталған норманың өңірлерде тиімді іске асырылуына мүмкіндік жасау үшін биыл барлық өңірде үшжақты 50 меморандумға қол қойылды, – деді Қанат Шарлапаев.

Оның сөзінше, қазақстандық брендтердің электрондық сауда алаңдарындағы үлесін арттыру мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, Lamoda Kazakhstan платформасымен отандық брендтерді маркетплейске шығару бойынша жоба іске қосылады.

Сонымен қатар «Jana post» компаниясымен қазақстандық тауарларды Қытайдың электрондық сауда алаңдарына шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазпоштамен» бірлескен жоба да қарастырылып жатыр. Бұл бастамалар ауылдық жерлердегі өндірушілердің өнімдерін ірі қалаларға және сыртқы нарықтарға жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Айта кетейік, Мемлекеттік кірестер комитеті қандай маркетплейстерге жаңа кедендік талап қойылмайды.