Отандық жазушылар Атырауда бас қосты
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда Ұлттық кітап апталығы аясында оқырман назарын аударған тағылымды әдеби кездесу өтті.
«Кітап — достық амбассадоры» атты іс-шара рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталып, кітаптың қоғамды біріктіруші күш ретіндегі рөлін айқындады.
Келелі жиын барысында отандық қаламгерлер қазіргі кітап нарығы, оқу мәдениеті және әдебиеттің қоғамдағы рөлі туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, әсіресе жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесуге қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері қатысты. Олардың қатарында ақын, «Ана тілі» ұлттық басылымының бас редакторы Ерлан Жүніс, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, прозашы, «Ағыраптағы аты жоқ адам» романының авторы Қанат Әбілқайыр, сондай-ақ жазушы-драматург, «Иесіз көлеңке» романының авторы Әлішер Рахат бар.
— Ұлттық кітап күніне орай еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды іс-шаралар өтуде. Осындай атаулы күнде мұнайлы астана — Атырауға арнайы келіп, оқырман қауыммен жүздесіп отырғанымызға ерекше қуаныштымыз, — деді жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Бейбіт Сарыбай.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдеби кездесу кітаптың тек ақпарат құралы ғана емес, қоғамды біріктіретін рухани көпір екені тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай басқосулар арқылы әдебиетке деген қызығушылық артып, оқырман мен автор арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілмек.