Отандық жедел жәрдем қызметінде УДЗ аппараттары алғаш рет қолданыла бастады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында жедел жәрдем бригадалары портативті ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен жабдықталды. Бұл – Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметіне УДЗ технологиясын енгізу бойынша алғашқы тәжірибе.

Фото: Павлодар облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың айтуынша, Павлодар мен Ақсу қалаларындағы қосалқы станцияларға бес заманауи құрылғы берілген. Оларды қолдану үшін 45 дәрігер арнайы даярлықтан өтіп, сертификат алған.

Фото: Павлодар облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Жаңа технологияның көмегімен дәрігерлер науқастың жағдайын оқиға орнында 2-3 минут ішінде тексере алады.

- Үш аптада мамандар 900-ге жуық зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде ауыр преэклампсия, плацентаның мерзімінен бұрын ажырауы және ішкі ағзалардың жарақаты сияқты шұғыл жағдайларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік туған, - дейді өңірлік жедел жәрдем станциясының басшысы Қанадан Ахметжанов.

Фото: Павлодар облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы бір ерекшелігі – УДЗ аппараттары жедел жәрдемнің бірыңғай колл-орталығымен біріктірілген. Осылайша, аға дәрігер зерттеу нәтижелерін нақты уақыт режимінде бақылап, әріптестеріне диагнозды нақтылауға көмектеседі.

Павлодарлық тәжірибе Денсаулық сақтау министрлігіне таныстырылған. Қазір бұл жобаны еліміздің басқа өңірлеріне тарату мәселесі қарастырылып жатыр.

Бұған дейін елімізде алғашқы медициналық көмек қалай дамып келе жатқаны туралы жазғанбыз.