Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткізген тікелей желі кезінде Сыртқы істер министрлігіне қатысты 300-ден астам сұрақ келіп түсті. Сауалдар еліміздің сыртқы саясатының негізгі бағыттары, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалықтың мән-маңызы, көршілес мемлекеттермен қарым-қатынастар сияқты бағыттарды қамтиды. Осы сауалдарға ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік саны арқылы жауап берді. Жауаптар «Отандық дипломатия ұлттық мүдделерді қорғау қызметінде» деген тақырыппен берілген.
Кеше ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бастаған еліміздің делегациясы Санкт-Петербор қаласына барды. Онда Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесіне мүше елдер үкімет басшыларының 25-ші отырысы және Кедендік одақтың Мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі отырысы болып өтті. Осы айтулы жиынға орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Ортақ мүдде тұғырлы әлеуеттерге бастайды» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, Санкт-Петербор қаласындағы Үкімет басшыларының кезекті отырысы барысында «Инновациялық биотехнология» атты ЕурАзЭҚ-тың мемлекетаралық мақсатты бағдарламасы талқыланып, бекітілген. Сонымен қатар Үкімет басшылары ЕурАзЭҚ мен Халықаралық даму қауымдастығы арасындағы Орталық Азиядағы АҚТҚ дертіне қарсы күрес жөніндегі жобаны дамыту мақсатындағы грант туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі мәселе бойынша да ортақ келісімге келген.
ҚР Премьер-Министрінің Ресейге сапары «Казахстанская правда», «Литер» басылымдарының назарынан да тыс қалмаған.
«Егемен Қазақстан» газетінде ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің «Қазақстан Қарулы Күштері: бүгін және ертең» атты мақаласы жарық көрді. Мақала «Бір сөзбен айтқанда, Жоғарғы Бас Қолбасшының басшылық етуімен қуаты мен ұтқырлығы жоғары, халықаралық талаптарға сай кәсіби Қарулы Күштер құру жөніндегі іс-шаралар жалғаса бермек» деп қорытындыланған. Жарияланымды басылымның сенбілік санынан толық оқи аласыздар.
***
«Қазақстанға келетін барлық кинолар қазақшаландырылады». «Айқын» газетінің сенбі күнгі санында жарық көрген мақалада 2012 жылдан бастап Қазақстанға әкелінетін барлық фильмдер міндетті түрде толығымен қазақ тіліне аударылатындығы айтылған. Басылымның жазуынша, бұл туралы кеше Сенатта Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева жария еткен. Бұл талап «Мәдениет туралы» бұрынғы заңнаманы өзгертетін жаңа заңның жобасына енгізілген.
Сенаттың жалпы отырысында талқыға түскен осы мәселеге орай «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде де мақала жарияланған.
«Қазақстан, Ресей және Беларус елдері арасында кедендік одақ құру идеясы осы күнге дейін әбден сүзгіден өтіп, ақыры жүзеге асатын түрі бар. Қараша айының соңында аталмыш мемлекеттер басшылары Минскіде бас қосып, 2010 жылы шілденің 1-інен бастап, Кедендік одақ шеңберінде ортақ кедендік кеңістік құруға келісті», деп жазады «Айқын» газеті. Басылым қаузаған мәселе «Кеденнің есігі ашылса, баға жүгенсіз кетпей ме?» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның сенбілік нөмірінде Республикалық ғылыми-тәжірибелік халық медицинасы орталығының директоры Шәкен қажы Шынтаевпен арадағы сұхбат жарық көрді. Екеуара әңгіме барысында ол аталған орталықтың қазіргі жай-күйі, шет елдердегі емшілердің жұмыс істеуіне мемлекеттің қаншалықты көңіл аударатындығы, еліміздегі әулие-әмбиелер туралы тұщымды жауап берген. «Халық медицинасын бақылаудан шығарып алу - қарапайым жұрт үшін қауіпті» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында Ш.Шынтаев «басқа дінге енген қазақтардың дені дуаланған. Оларды ислам жолына қайта түсіру қиындау. Ойлау қабілеттерінен айыру алдағы уақытта да қанатын кең жайып, мемлекетке қатер төндірмес үшін барлық емшілерді бір орталықтан басқарған дұрыс», депті.
***
Кеше елордадағы «Тәуелсіздік» тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, оның үлескерлері көптен күткен пәтерлерінің кілтіне ие болды. Қуаныш иелерін құттықтауға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінде «Тәуелсіздік» үйінің тұрғындары» атты мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, Ө.Шөкеев Елбасы атынан бірнеше үлескерге пәтер кілтін тапсырған.
Елордалық үлескерлердің жаңа пәтерлерге ие болған қуаныштарына ортақтасқан «Егемен Қазақстан» газеті «Үлескерлер қуанышы» деген тақырыппен мақала жариялаған. Сонымен қатар «Казахстанская правда» газетінен де осы жайтқа орай толық мағлұмат алуға болады.
Үкіметтің Астанада медициналық көмек кластерін салу туралы қаулысына сай, өткен жылы елродада Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы ашылып, көп кешікпей нейроофтальмолог қызметі енгізілген болатын. «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланған «Екі көз - екі жұлдыз маңдайдағы» атты мақала осы мекеменің жұмысына арналған. Жарияланымда осы орталықтың бас директоры, профессор Серік Ақшолақовтың «Көзінің ағы ақ, қарасы қара болып, жарқырап тұрса да, жанар отының кемуі мидағы көздің көруіне жауап беретін жүйке талшықтарының бірте-бірте сөнуінен, анықтап айтқанда, жансыздануынан туындайды», деген сөзі келтірілген.
«Кеше Астанада Азия Олимпиадалық кеңесінің Үйлестіру комитеті өз жұмысын бастады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, 4 күн бойы АОК-нің өмір бойғы құрметті вице-президенті Джижонг Вей бастаған делегация Астанадағы және Алматыдағы 7-ші Азия ойындарының спорттық нысандарымен танысады. Үйлестіру комитеті спортшылар мен спорт делегаттарын орналастыру, тасымалдау, медициналық қамтамасыз ету және допинг-бақылау мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар телерадиохабарларын таратуды ұйымдастыру, еріктілердің жұмысын үйлестіру, Азияданың мәдени бағдарламалары да қарастырылады.
Азия Олимпиадалық кеңесі Үйлестіру комитетінің отырысына орай «Астана ақшамы» газетінде де шағын мақала бар.