***
Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Мәмидің айтуынша, 2011 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі халықтың жан басына шаққанда 11 000-нан астам долларға жетті. Қазақстан сондай-ақ халықаралық резервтер деңгейі бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттер санатына кіреді. Елдің халықаралық резервтер жиынтығы 75 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. 2011 жылдың қорытындылары бойынша республика экономикасы 7,5 пайызға
өсті. Соңғы 2 жылда ғана Индустрияландыру картасы шеңберінде республикада жалпы сомасы 1,8 трлн. теңгенің 389 жобасы іске қосылып, 90 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Сенат Төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында аймақ активімен кездесуінде айтты. Жүздесуде көтерілген өзге де мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Өңірлерді дамыту - келшекке кемел қадам» атты мақаладан оқыңыздар.
Аталмыш басылым бүгінгі санында «Қоршаған орта таза болуы үшін» атты мақала басты. «Кеше Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметовтің қатысуымен министрліктің 2011 жылғы жұмыс қорытындылары және 2012 жылға арналған міндеттер туралы мәселе қаралған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Алғашқы болып сөз тізгінін алып, баяндама жасаған ведомствоның жаңа басшысы Нұрлан Қаппаров министрліктің 2011 жылы атқарған қызметін егжей-тегжейлі баяндап берді. Министрліктің стратегиялық жоспарды орындау шеңберінде қоршаған орта сапасын жақсарту және тұрақтандыру, сонымен қатар, Қазақстанның төмен көміртекті дамуға көшудің негізгі бағыттарында айтарлықтай жұмыстар атқарғаны туралы айтқан министр өткен жылы Мемлекет басшысының ведомствоға 10 тапсырма жүктегенін, бүгінгі күнге дейін олардың бесеуінің басы қайырылғанын атап өтті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санын оқыңыздар.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, елімізде автоөндірісті жандандыруға талпыныс бар. Енді оның таралымы, өткізілуі мәселесіне мойын бұру керек. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан
бастап жұмысқа кіріскен Бірыңғай экономикалық кеңістік автоөндіріс саласының да ерекше қарқынмен дамуына септігін тигізбек. Енді үлкен нарыққа қарай жол ашылды. Бұл бір жағынан, алушының қатары көбейіп, сауданы қыздыра түседі деген үміт отын үрлесе, екінші жағынан, «Отандық автоөндіріс өнімдері ресейлік көліктердің тасасында қалмай ма?» деген де күдік тудырады. Бұл сауалдың жауабын «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Отандық көлікке отыратын кез келді» атты мақаладан іздеңіз.
Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, профессор Кәрімбек Құрманәлиевпен болған сұхбатты жариялаған.
Ғалымның пікірінше, білім беру ісіндегі педагогикалық құрамның сапасын арттыру мәселесі өте көкейкесті екендігі Жолдауда анық көрсетілген. «Ендеше мектептер мен жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін көтеру талаптарын күшейту қажеттілігі күн тәртібіне шығарылып отыр. Олай болса, Үкіметтің қаулысымен ашылған әрбір өңірдегі педагогикалық институттардың атқарар міндеттері бұрынғыдан да арта түсіп, олардың білікті кадрларды дайындау жауапкершілігі тереңдей түспек. Жалпы, жаңа тұрпатты педагог мамандар дайындауға жаңа көзқарас қалыптастыруымыз керек. Педагогикалық мамандықтар бойынша сырттан оқыту жүйесін қайта қарау керек екендігін айтқымыз келеді»,-дейді К.Құрманәлиев. Бұл сұхбат «Айқын» басылымында «Ғалымдарды қолдау қадап айтылды», деген тақырыппен беріліп отыр.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, соңғы 10 жылда еліміздің білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі 7 есеге артқан. Ал биылғы жылы бұл бағытқа 1 триллион теңге бөлінген. Яғни бүгін еліміздің білім беру саласы ең жоғары деген әлемдік стандарттарға қол жеткізуге мүмкіндік алды. «Мемлекет басшысы да біздің алдымызға осындай міндет қойып отыр. Білім беру ісіне осы заманға сай әдіс-тәсілдер мен технологиялар енгізілуде»,-деді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университетінің студенттері мен педагогтарымен кездесуі барысында. Осы жүздесуде көтерілген өзге де мәселелер жөнінде білгіңіз келсе, «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Ориентир - на международные стандарты» атты мақалада.