Отандық мұнай-газ саласында Қоғамдық рейтинг бюросы құрылады

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда отандық мұнай-газ саласындағы жұмысты сапалы деңгейге шығару үшін Қоғамдық рейтинг бюросын құру қажет. Бүгін қазақстандық мөлшерді дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында кеңес төрағасы, «Қазақстандық мұнай-газ институты» АҚ директоры Ұзақбай Қарабалин осындай ұсыныс жасады.

Оның айтуынша, «Қазэнерджи» қауымдастығы негізінде құрылатын аталған бюро отандық мұнай-газ саласындағы орындаушы компаниялардың өндірістік әлеуетін көрсетіп қана қоймай, олардың арасындағы бәскелестікті күшейтіп, қызметі сапалы әрі кәсіби тәжірибесі бар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. «Қоғамдық рейтинг бюросының барлық ақпаратын «Қазэнерджи» қауымдастығының ресми сайтына шығару ұсынылып отыр. Ол арқылы мұнай-газ саласындағы тапсырыс беруші орындар өздеріне кәсіби-материалдық әлеуеті жоғары компанияларды таңдай алады. Ал, ең бастысы, біз Қоғамдық рейтинг бюросы арқылы бүгінгі орындаушы компаниялардың әлеуетіне нақты әрі ашық баға бере аламыз», - дейді Ұ.Қарабалин.

Кеңес төрағасы атап көрсеткендей, Қоғамдық рейтинг бюросы компаниялардың кәсіби дайындығы, кадрлық әлеуеті, қаржылық қорына, сертификаттардың санына, әріптестік байланыстарына және тапсырыс берушілердің пікірлеріне баса назар аударатын болады.

Айта кетейік, қазақстандық мөлшерді дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің бүгінгі отырысында Қоғамдық рейтинг бюросын құру жөніндегі ұсынысты талқылап, қабылдау жоспарланып отыр.